Бала күлкісі жаңғырған жаңа алаң
Алға қаласындағы №4 шағын аудан тұрғындарының қуанышы еселене түсті. №7 және №8 тұрғын үйлердің ауласында заманауи балалар ойын және спорт алаңдары бой көтеріп, көптің игілігіне пайдалануға берілді. Бұрынғы қарапайым алаңқай енді көз тартар кеңістікке айналып, кішкентайлардың шат күлкісі мен доптың дүбірі үйлескен жаңа тыныс алаңына айналды.
Бұл тек ойынға арналған жер емес, бұл – балалардың жан-жақты дамуы мен салауатты өмір салтын ұстануына жол ашатын маңызды орта. Жасанды төсем төселген футбол және волейбол алаңдары, сондай-ақ воркаутқа арналған жабдықтар – барлығы қауіпсіздік талаптарына толық сай келеді. Бұдан былай балғындар таза ауада еркін ойнап, жасөспірімдер спортпен айналысып, уақыттарын тиімді өткізе алады.
- «Бұрын балалар далаға шыққанда, ойнайтын жер таппай, жолдың шетінде немесе шаң-топырақтың үстінде доп қуалайтын. Енді, міне, көз қуантатын әдемі алаңқайлар салынды. Бұл — тек балаларға емес, ата-аналарға да үлкен қуаныш. Әкімдікке және бастамашыл тұрғындарға алғысымыз шексіз!» — дейді осы үйдің тұрғыны, төрт баланың анасы Перизат Сарсенгалиева.
Ойын алаңдары тек балалар үшін емес, барлық тұрғындар үшін жайлы мекенге айналды. Алаңға жарық шамдар мен орындықтар орнатылып, кешкілік серуендеуге де мүмкіндік жасалды. Қараңғыда да балалардың қауіпсіздігі назардан тыс қалмаған.
- «Маған футбол алаңы қатты ұнады. Енді достарыммен жарысып ойнаймыз. Анам уайымдамайды, өйткені бұл алаң қауіпсіз» — дейді тоғыз жасар Мұратбек Әлихан қуанышпен.
Бұл игілікті жобаның жүзеге асуына жергілікті әкімдік пен белсенді тұрғындардың бірлескен еңбегі ерекше үлес қосты. Тек өз ауласын емес, қаланың келбетін көркейтуге деген ықылас сезілді.
Ең қуаныштысы – мұндай игі бастама жалғасын табады. Қазіргі таңда Алға қаласындағы тағы 10 ауланы абаттандыруға арналған жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Алдағы жылдары бұл жобалар да жалғасын таппақ. «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» демекші, балаларға арналған әрбір алаң — ел ертеңіне салынған берік негіз. Енді тек ата-аналар мен тұрғындардан сұралатыны – бұл игілікке ұқыппен қарап, тазалық пен тәртіпті сақтау. Себебі ортақ игілік – баршамыздың жауапкершілігіміз.
Жұмагүл Сагимбаева