Ата салтым – аманатым!

 Қазақ – салтымен, дәстүрімен дара халық. Осы бір қасиетті ұғымдарды ардақтап, болашақ ұрпаққа аманат ету – әрбір саналы азаматтың борышы. Сол міндетті терең сезініп, үш жылдан астам уақыт бойы «Дәстүрге жол» атты қоғамдық бастама аясында бір мақсат, бір мүдде, бір сеніммен еңбек етіп келеміз.

Бұл бастама – ел болашағын ойлаған аналардың, ақ жаулықты әжелердің, ұлттық құндылықтарды ұлықтаушы тұлғалардың жүрек үнінен туған. Арда салттарымызды ұмыт қалдырмай, тұрмыстық ғұрыптарымызды, ұлтымыздың болмыс-бітімін көзбен көріп, қолмен жасап, кейінгі ұрпаққа өнеге ретінде жеткізу – басты мұратымыз.

Ұлттық рух – ұрпаққа үлгі

Әр отбасы – мемлекет ішіндегі шағын мемлекет. Оның тірегі – ата-ана, ал айнасы – тәрбие. Тәрбие болса өзегін – ұлттық рухтан, ата-баба дәстүрінен, қазақы тәлімнен алады. Сондықтан отбасында әрбір мүшенің өз күн тәртібі, міндеті, мақсаты айқын болса, сол шаңырақта ізгілік пен бірлік салтанат құрады. Бала тәрбиесі ең әуелі отбасыдан басталады. Ал баланың бойына тектілік пен тәрбиені сіңіретін – ең алдымен ана.

Ананың қолынан дәм татып өскен бала – мейірімді, қайырымды, ұлтжанды болып ер жетеді. Ананың ертегісін тыңдап ұйықтаған бала – ар мен ұятты ту етіп ұстайды. Біз тәрбиені дәл осыдан бастадық.

Өзім жайлы бір үзік сыр

Мен – Ахметова Күлаш Ахметқызы, Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданында дүние есігін аштым. Төрт бірдей ағамнан кейінгі жалғыз қыз, ата-анамның көзінің нұры, көңілінің жыры болдым. Қарапайым, бірақ бірлігі жарасқан отбасында өстім. Еркелігім де, еркіндігім де қазақы тәрбиемен шектелді. Ұлағатты ұстаз атанып, 40 жыл бойы ұрпақ тәрбиесіне үлес қостым. Ағаларым – жоғары білімді, әр салада елге қызмет еткен зиялы азаматтар еді. Бүгінде төртеуі де арамызда жоқ. Арттарында өшпестей із қалдырған ардақтылар. Мен – сол шаңырақтың жалғыз шамшырағымын.

Ырғыз – менің алтын бесігім. Киелі мекен. Тарихы терең, топырағы құнарлы, қойнауы қазынаға толы өлке. Табиғаты таңғажайып: көлінде балық тулайды, көгінде құс шулайды, даласында төрт түлік өрістейді. Осындай ғажайып мекеннің перзенті болу – маған үлкен жауапкершілік жүктейді.

Тәрбие – тал бесіктен

Шешемнің қолынан шыққан дүниелер – шынайы өнердің үлгісі. Кілем тоқу, ши өрім, тоқыма, тағам әзірлеу – бәрін көзімізбен көріп, көңілге түйдік. «Арлы бол, ұятты бол, еңбек ет!» – деген ұлағатты сөздер құлағымызда жатталып қалды.

Қазақ халқы – ежелден табиғатпен етене өмір сүрген. Өсімдіктен сабын қайнатып, теріден киім жасап, малдың сүтін, етін, жүнін, терісін қажетіне жарата білген. Төрт түлік – тіршіліктің төрт тағаны болған.

Халқымыздың ұлылығын салт-дәстүрінен, кең пейілінен, өнерге деген сүйіспеншілігінен, табиғатпен үндестігінен аңғаруға болады. Осы құндылықтардың арқасында ұлан-ғайыр даланы сақтап, кейінгі ұрпаққа мирас етіп қалдырды.

Салт-дәстүр – ұлттың жаны

Қазақы ғұрыптар – мәңгілік мұра. Қыз ұзату, келін түсіру, бесікке салу, тұсау кесу, сүндет той – бәрі де қазақы тәрбиенің қайнар көзі. Қонақ күту, ас беруде қол жуу, батамен ер көгеру – қарапайым, бірақ терең мәні бар салттар. Осындай өмірдің өзінен өрілген дәстүрлерді көзбен көрсетіп, қолмен істеп, жүрекпен сезінуге тәрбиелеу – басты міндетіміз.

«Дәстүрге жол» жобасының мүшелері – өз қолдарымен бұйым дайындап, көрмеге қойып, халыққа ұсынып жүр. Киіз басу, кесте тоқу, тері өңдеу, темірден зергерлік бұйым жасау – ұмыт бола бастаған өнер түрлері бүгін қайта жаңғырып келеді.

Жобамыздың Ақтөбедегі жетекшісі – А.Жүгінісова ханым. Қалалық төрайым – Назира Сәрсенбайқызы, кеңесшіміз – өлкетанушы, ардагер ұстаз Райгүл Ақтөреқызы. Ал Алға ауданындағы төрайым – іскер де сабырлы Күмісай Жұмабайқызы. Қасындағы әр анамен тіл табысып, олардың қабілетіне қарай тапсырма беріп, бағыт-бағдар сілтеп келеді. Райгүл Ақтөреқызы – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, бірқатар энциклопедияларға авторлық қосқан, «Ұлттық құндылық – ұлт қорғаны» атты тағылымды кітаптың авторы. Осы еңбектің таныстырылымы Самбай ауылында жоғары деңгейде өткізілді. Бұл – біздің қоғамның рухани тынысын танытатын айрықша сәттердің бірі болды.

Ұлт болашағы – ұрпақ тәрбиесінде

Қоғамдағы әрбір ана – шежіре, әрбір әже – тарих, әр отбасы – ұлттық тәрбиенің алтын ұясы. Біз бүгінде ата-бабалар аманатын арқалап жүрміз. Сол аманатты келешекке тапсыру – біздің ендігі борышымыз.

Ұлымыз – ұлықты, қызымыз – қылықты, ұрпағымыз – саналы, парасатты болғай. Елін сүйген, жерін қорғайтын, ұлттық құндылықтарға құрметпен қарайтын азаматтар көбейсін!

Түбінде қазақтың көк байрағы желбіреп, ұлттық рухы асқақтап, дәстүрі мен тілі, мәдениеті мен өнері – ұлттың тұғырына айналсын!

Ел аман, жұрт тыныш, береке-бірлік баянды болғай!

Ахметова Күлаш Ахметқызы,
Самбай ауылының тұрғыны, ардагер ұстаз