БІЛІМГЕ ҚҰШТАРЛЫҚ – ЖЕҢІС КІЛТІ
Жас талап, биік арман, табанды еңбек – міне, №3 Алға қазақ орта мектебінің түлегі Бисенова Тоғжан Нұржанқызының өмір жолын сипаттайтын басты үш қазық. Биылғы оқу жылында Ұлттық бірыңғай тестілеуде биология-химия бағыты бойынша 124 балл жинаған Тоғжан – өз мақсатына сеніммен қадам басқан үздік түлектердің бірі.
Жаңа білімге деген құштарлығы, ізденістен жалықпайтын мінезі оны қатарластарынан ерекше көрсетіп, ұстаздарының мақтанышына айналдырды.
Жас түлек өзінің үздік нәтижесінің арқасында мемлекеттік грант иегері атанып, армандаған оқу орны – Астана Медицина Университетінің студенті атанды. Бұл – тек Тоғжанның ғана емес, оны білім нәрімен сусындатқан ұстаздарының, қолдау білдірген отбасының да ортақ жеңісі.
Мектеп ұжымы Тоғжанның жаңа белестерді бағындыратынына сенеді. Өйткені бүгінгі табыс – оның үлкен жолдағы алғашқы жеңісі ғана.
Мадина ТАЖИБЕКОВА