Интеллект пен достық бір арнада

Алға аудандық Жастар ресурстық орталығы мемлекеттік мекемелерде еңбек етіп жүрген жас мамандарды бір арнаға тоғыстырып, есте қаларлық интеллектуалдық сайыс – «Қызметкер Quiz» ұйымдастырды.

Бұл жолғы бәсеке білім мен логиканы, шапшаң ой мен тапқырлықты қатар сынады. Қатысушылар түрлі тақырыптарда қойылған сауалдарға жауап беріп, өздерінің жан-жақты білімін, ой-өрісін паш етті. Әр раунд сайын шиеленісе түскен ойын сәттері тартысты бәсекеге ұласты.

Бір қуанарлығы, сайыс тек білім жарысы ғана емес, жаңа таныстыққа, достық байланыстарға жол ашты. Жас мамандар еркін пікір алмасып, командалық жұмыс дағдыларын нығайтты. Бұл – кәсіби ортада бір-бірін қолдауға, ортақ мақсатқа жұмылуға бағытталған маңызды қадам.

Жастар ресурстық орталығы мұндай игі шаралар жас мамандардың дамуына, белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыруына жол ашатынын атап өтті.

— «Біздің мақсатымыз – білімді, бастамашыл, бір-бірін қолдайтын жас буын қалыптастыру. Интеллектуалдық сайыстар – сол мақсатқа жетудің тиімді жолдарының бірі», – дейді ұйымдастырушылар.

Белсенділік танытып, өз білімін ортаға салған барлық қатысушыларға алғыс айтылды. Алдағы уақытта да Алға жастары осындай мазмұнды әрі қызықты кездесулердің куәсі болмақ.

Жұмагүл Сагимбаева