Педагогикалық мамандықтар жәрмеңкесі өтті

 Алға аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен 2025 жылы 5 тамыз күні В.И.Пацаев атындағы №2 Алға орта мектебінде педагогтерге арналған «EduQadam — 2025» бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті.

 Жоғары оқу орнын күні кеше ғана аяқтап, үлкен өмірге қадам басқан болашақ педагог жас мамандар үшін бұл шараның маңызы өте зор.  Жәрмеңке арқылы олар тұрақты жұмыс орнын тез тауып, орналасуға мүмкіндік алады. Осы орайда ұйымдастырылған «EduQadam — 2025» бос жұмыс орындар жәрмеңкесі — болашақ ұстаздар мен білім беру ұйымдары арасындағы алтын көпір іспетті.

Іс-шараның басты мақсаты — жас педагогтер мен жұмыс берушілерді бір алаңда тоғыстырып, білім саласындағы кадрлық әлеуетті күшейту, сондай-ақ мектептер мен балабақшалардың нақты сұранысына сай мамандармен қамтамасыз ету. Жәрмеңкеге 20 шақты мамандық иелері қатысты. Өткен  іс-шарада ағылшын, бастауыш сынып, психология, АӘД, орыс тілі мен әдебиеті, музыка, химия пәнінің мүғалімдері мамандықтары бойынша бос жұмыс орындары ұсынылды. Іс-шара барысында мектеп басшыларымен ашық сұхбат болып, конкурсқа қажетті HR-NOBD.edu.kz порталына қысқаша нұсқаулық берілді. Педагогке қойылатын талаптар мен құжаттар туралы жадынамалар таратылды.

Педагогикалық жоғары оқу орындары мен колледж түлектерін мектептермен, балабақшалармен және қосымша білім беру ұйымдарының өкілдерімен тікелей байланыстыратын тиімді алаң жастар үшін үлкен мүмкіндік деп білеміз. Бүгінде педагогикалық мамандықтар бойынша бос жұмыс орындары жәрмеңкесі жастар арасында жұмыссыздық мәселесін оңтайлы шешудің тиімді тетігі болып табылады.

 

Марал САНДЫБАЙ