Ана сүті – баланың табиғи қорғанысы
Бүгінгі ұрпақ – ертеңгі елдің тірегі. Ал сол ұрпақтың дені сау, саналы болып өсуі – ең алдымен анадан басталады. Аналарға бағыт-бағдар беру, олардың білімін жетілдіру – маңызды міндеттердің бірі. 1-7 тамыз аралығында бүкіл әлемде Дүниежүзілік емшек сүтін қолдау апталығы (World Breastfeeding Week) аясында Алға аудандық ауруханасы да тыс қалмады. Апталық аясында бірқатар іс-шара ұйымдастырылып, жас аналарға танымдық сабақтар ұйымдастырылды.
Бұл апталықтың басты мақсаты – ана сүтімен қоректендірудің маңыздылығын насихаттау, қоғам назарын осы мәселеге аудару және аналарды жан-жақты қолдау.
Апталық аясында аудандық ауруханада «Ашық есік күні» ұйымдастырылды. Іс-шара барысында емхананың дәрігерлері мен мамандары жас аналарға емшек сүтінің пайдасы туралы түсіндіріп, кеңестер берді. Арнайы мамандар емізу техникасы, ана сүтінің құрамы және баланың дұрыс тамақтануы жөнінде практикалық сабақтар өткізді.
Сонымен қатар, емшекпен қоректендіруді қолдау мақсатында әлеуметтік желілерде және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында ақпараттық мақалалар, бейнероликтер жарияланып, аналармен ашық сұхбаттар өткізілуде.
«Жас аналар денсаулық мектебіне» қатысушы аналарымен арнайы түсіндірме сабақтар өткізілді. Сабақ барысында ана сүтінің сәбидің денсаулығына, иммунитетіне, дұрыс дамуына тигізетін орасан пайдасы туралы, дұрыс емізу техникасы, сүтті сақтау және лактацияны арттыру жолдары түсіндірілді. Сондай-ақ, аналар кәсіби мамандарға толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, нақты жауап алды.
Мұндай шаралар ана мен бала арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, аналардың өзіне деген сенімін арттырады. Бұл – отбасы құндылығын, ұрпақ тәрбиесін жоғары қоятын елдің келешекке деген қамқор көзқарасы.
Аталған апталық – аналардың денсаулығы мен нәрестенің дұрыс өсуіне ерекше мән беретін маңызды шара. Әрбір анаға бала емізудің маңыздылығы туралы толыққанды ақпарат беру – қоғамның ортақ міндеті.
А.Калхозбай,
Алға аудандық ауруханасының педиатр-дәрігері