Сақтық – саулық кепілі

 Жаздың аптап ыстығы басталысымен елімізде тағамнан улану деректері жиілей түсетіні жасырын емес. Әсіресе, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандарының алаңдаушылығын тудырып отырған өзекті мәселелердің бірі – дәл осы тағам арқылы жұғатын жедел ішек инфекциялары мен улану жағдайлары. Бұл – жай ғана денсаулыққа қауіп төндіретін құбылыс емес, кей жағдайларда өмірге де қауіп төндіретін қауіпті фактор.

Аурудың таралу жолы – алиментарлы, яғни, тағам арқылы жүреді. Берілу жолы қарапайым: ауыз арқылы ағзаға түскен уытты қоздырғыш асқазан-ішек жолдарын зақымдап, ағзаға экзотоксин бөледі. Жасырын кезеңі небәрі 30 минуттан бастап 24 сағатқа дейін созылады. Сондықтан симптомдардың байқалуы көп күттірмейді.

Ыстық күндері тағам өнімдері тез бұзылатыны белгілі. Мұндай кезеңде санитарлық талаптардың сақталмауы – микроағзалардың көз ілеспес жылдамдықпен көбеюіне жол ашады. Ал бұл, өз кезегінде, тағам арқылы уланудың негізгі себебіне айналады.

Тағамнан уланудың негізгі белгілеріне жүрек айну, құсу, іш өту, іштің түйілуі, дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, бас ауруы және жалпы уыттану жатады. Көп жағдайда ауру кенеттен басталып, бірден бірнеше адамның науқастануымен жалғасады. Мұндай жағдайларда аурудың таралу көзі – бір тағам түрі немесе бір жерден сатып алынған өнім болуы мүмкін.

Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін қандай сақтық шараларын білуіміз керек?

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары мынадай нақты ұсыныстар береді:

  • Қоғамдық тамақтану орындары мен мектеп, балабақша асханаларында жұмыс істейтін қызметкерлердің уақытында медициналық тексеруден өтуін қамтамасыз ету;
  • Қолында іріңді жарасы немесе тері ауруы бар адамдарды тамақ дайындау ісіне жолатпау;
  • Тамақ дайындау және сақтау кезінде санитариялық-гигиеналық нормаларды сақтау;
  • Ет, сүт, балық сияқты тез бұзылатын тағам түрлерін тоңазытқышта сақтау, беті ашық қалдырмау;
  • Консервіленген өнімдерді пайдаланбас бұрын жарамдылық мерзімін тексеру, ісінген банкілерді (бомбаждалған) қолданбау;
  • Қолды сабындап жуу – жеке бас гигиенасының ең негізгі қағидасы. Бұл ереже ас ішер алдында, дәретханадан кейін және кез келген тағам дайындау кезінде орындалуы қажет;
  • Жеміс-жидек пен көкөністерді мұқият жуу, тек қайнатылған немесе сапалы ауызсу ішу;
  • Азық-түлікті тек ресми сауда орындарынан сатып алып, белгісіз тұлғалардан, рұқсатсыз сауда нүктелерінен алмау.

Тағам – тіршілік көзі. Алайда ол қауіп көзіне де айналуы мүмкін. Сол себепті тұтынатын тағамның сапасына, тазалығына, сақтау жағдайына жіті мән беру – тек санитариялық қызметтің ғана емес, әрбір азаматтың күнделікті дағдысына айналуы тиіс.

Денсаулық – басты байлық. Сондықтан тағамнан уланудың алдын алу жолдарын ұстану – өзіңізді және жақындарыңызды қорғаудың ең тиімді тәсілі.

Н.Утегенов,
Алға аудандық санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының басшысы