Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл

АБАЙ РУХЫНА ТАҒЗЫМ

   Абай – халқының қараңғылықтан шығып, сауатты болуына аянбай тер төккен дара тұлға. Ол Отанға деген сүйіспеншіліктің және ел мүддесі үшін қалтқысыз қызмет етудің озық үлгісін көрсетіп, артынан мәңгі өшпес із қалдырды. Алға ауданында ақынның мерейтойына орай көптеген іс-шаралар өткізілді. Әлеуметтік желіде ауданымыздағы өзге ұлт өкілдерінің, аудан басшыларының, қала тұрғындарының Абай Құнанбаевтың өлеңдерін жатқа оқыған челленджі көпшілік назарына ұсынылған болатын. Сонымен қатар Алға аудандық Жастар ресурстық орталығы жастары жұмысшы мамандықтар арасында ақынның өлеңдерін оқуды ұйымдастырып, әрбір қатысқан маман иелеріне Абайдың қара сөзі кітабын сыйға берді. Бір қуантқаны әлеуметтік желіде ұйымдастырған шара барысында қаламыздың кез-келген тұрғыны қандай қызмет атқарып жүрсе де Абай атамздың өлеңдерін оқуды сұрағанда мүдірмей жатқа айтқаны болды.

 Өнер мен өлең тоғысқан кеш

  8 тамыз күні Орталық саябақта Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған кеш өтті. Қала қонақтары және тұрғындары Абай атамыздың құлақ құрышын қандыратын әсем әндерін аудан өнерпаздарының орындауында тыңдап, ерекше әсер алды.

Мерекелік концерт Абай монологымен және аудандық мәдениет үйінің жанынан құрылған «Әжелер» ансамблінің орындауындағы «Желсіз түнде жарық ай», «Көзімнің қарасы» әндерімен бастау алды. Сонымен қатар «Жүрегімнің түбіне терең бойла» аудандық байқауының жеңімпаздары Әлия Сатыбалдина мен Алтынай Жарылқасынова бірі ақынның қара сөзін оқыса, бірі әнін орындады. Ауданымызда көптеген ұлт өкілдері тұратыны белгілі. Олардың көпшілігі қазақ тілінде таза сөйлеп, дәстүрімізді сақтап, әдебиетін сүйіп оқиды. Солардың бірі мәдениет қызметкері, тіл жанашыры, туысқан татар ұлтының қызы Рамиля Ибрагимова Абайдың бір өлеңін оқып, Болгарка ауылының тұрғыны Анастасия Сырбова «Желсіз түнде жарық ай» әнін орындап, көрермендердің қошеметіне бөленді. Әдеби-сазды кеш барысында алғалықтардың Абай Құнанбаев туралы пікірлері және Алға аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі ұжымының қала тұрғындары арасында жүргізген сауалнамасы бейнежазба арқылы LED экраннан көрсетілді.  Аталмыш кітапхана ұжымы «Абай мұрасы – тәрбиенің қайнар көзі» тақырыбында Абай Құнанбаевтың шығармашылығына арналған көрме жасақтап, әрбір еңбегін таныстырды. Сахна төрінде Абайдың өлеңдерін жатқа оқитын қала тұрғындары да өнер көрсетті. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары қайталанбас тұлғаның тамылжыған әндерін орындап, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй, рухани демалыс сыйлады.

Алға әжелері «Абай күні» әдеби фестивалінде

   10 тамыз күні Ақтөбе қаласында Абай даңғылында ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған фестиваль жоғары деңгейде өтті. Фестивальға арнайы қонақ ретінде «Қазақ аналары – Дәстұрге жол» Республикалық қоғамдық бірлестігі Алға аудандық филиалының бір топ ақ жаулықты әжелері шақырылды.

Фестивальдің басты ұйымдастырушылар – Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, еліміздің батыс өңіріндегі бір ғасырға жуық тарихы бар Сақтаған Бәйішев  атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы және басқа да облыстық, қалалық кітапханалар, т.б мекемелер. Іс-шара төрт тақырыптық алаңда өткізілді. Олар – «Балалық пен білім жолы», «Даналық пен даралық», «Кемел ойдың кемеңгері», «Ұлт болмысы». Әрбір аталған алаңда тақырыпқа сай іс-шаралар ұйымдастырылып, көпшілік көрерменге бай да, құнды мағлұмат берді. Киіз үйдің керегелері ұлттық нақышта безендіріліп, Абайдың балалық шағы мен өскен ортасы театрландырылған қойылымдар арқылы бейнеленді. Абай туралы ғылыми еңбектер, зерттеулер, сирек кездесетін фотоматериалдар ұсынылған кітап көрмелері де көпшіліктің қызығушылығын оятты. «Ұлт болмысы» ұлттық ойындар алаңында асық ату, тоғызқұмалақ, арқан тарту, ләңгі тебу, қол күрес сияқты ой   ын түрлері ұйымдастырылып, садақ ату, қамшы өру, диірменге тары тарту, киіз басу бойынша шеберлік сағаттары өтті.

Абай атамыздың бай мұрасы насихатталған аталмыш фестивальға Ақай, Маржанбұлақ, Үшқұдық, Самбай ауылдарының аналары қатысып, ақынның әсем әндерін орындап, өлеңдерін жатқа оқыды. Маржанбұлақ ауылының әжелері  жүн сабап, ұршық иіріп, ұлттық құндылықтарды насихаттады. «Қазақ аналары – Дәстұрге жол» РҚБ Маржанбұлақ ауылы филиалының төрайымы, ардагер ұстаз Жұмақыз Ізбасқызы халқымыздың ежелден бері күні бүгінге дейін сақталып келген ұлттық өнері, дәстүрі жүн сабау, ұршық иіру, жалпы жүннің пайдасы туралы ашып айтып берді. Осы ардагер ұстаздың бастамасымен келген 4 сынып оқушысы Әлия Қонысбай ұлттық киіммен сахнаға шығып, Абай Құнанбаевтың өлеңін мәнерлеп жатқа оқыды. Оқушы Облыс әкімі Асхат Шахаровтың ықыласына бөленіп, белсенділік танытқаны үшін сыйлыққа да ие болды. Ұйымдастырушылардың тарапынан барлық аналарға Абайдың қара сөздері кітаптары сыйға тартылды.

Ауданымыздан барған ақ жаулықты әжелеріміз фестивальдің шырайын келтіре түсті. Әні мен сәні жарасқан аналар өңірімізде, ауданымызда өтетін қандай шара болмасын бәріне белсене қатысып, кейінгі өскелең ұрпаққа ұлтымыздың болмысын, дәстүрін, ғұрпын насихаттауда.

Өңір басшысы Асхат Шахаров бастаған бір топ облысымызға, елімізге танымал тұлғалар қатысқан Абай атамыздың 180 жылдығына арналған фестиваль шалқар шабыт сыйлап, адам бойындағы қадір-қасиетті арттыратын орта болды.

Өнеге мен өркениет өрісі

   Дүйсенбі күні аудандық Мәдениет үйінде «Абай мұрасы-халық ұлағаты» атты дөңгелек үстел өтті. Оған мемлекеттік қызмет ардагері, «Абайға жүгінейік» кітабының авторы Қанатбай Елеусізов, Қ.Жұбанов атындағы өңірлік университетінің оқытушысы, филология ғылымының кандидаты, доцент Нұрдәулет Алдашев, ауданның құрметті азаматы, өнер жанашыры Нұрхан Ағниязовтар спикер ретінде қатысып, салиқалы әңгіме айтылды.

Аудан әкімі Асланбек Шүйіншалиев, әкім орынбасары Болатбек Кангужин, аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Баймұрат Жаналиндер де атсалысып, аудан әкімі тағылымды пікір білдірді, аудан жаңалықтарымен бөлісті. Кешті ауданның талантты жастары әсем әнмен көркемдеді.

Бұл шараның тағы бір жаңалығы — аудан өнерпаздары дана Абайдың сирек орындалатын әндерін шырқады. Мысалы, аудандық мәдениет үйінің әншісі Қанат Үсенбеков «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» әнін домбырамен қоңырлата орындаса, өткен аптада ұйымдастырылған «Жүрегімнің түбіне терең бойла» байқауының бас жүлде иегері, «Қасиет Аби» ЖШС-на қарасты «Балдырған» балабақшасының тәрбиешісі Әлия Сатыбалдинаның шырқаған «Жүрегімнің түбіне терең бойла» әні көпшілік көңілінен шықты.

Ақын тойының кезекті шарасына қала мектептерінің мұғалімдері, «Белсенді өмір орталығы», «Жадыра» отбасы орталығы қызметкер кітапханашылар, Мәдениет қызметкерлері белсенділік танытты.

Қанатбай Елеусізов өз кітаптарын қала кітапханаларына сыйға тартып, кеш соңында оқырмандар мен мейман-спикерлер Абайдың  «Көзімнің қарасы» әнін әуелетті. Кеш модераторы ардагер журналист Шара Елеусіз.

P.S.: Абайдың 180 жылдық мерейтойына арналған бұл шаралар тізбегі — өткен мен бүгінді, ұлт тарихы мен жас ұрпақтың жүрегін жалғаған рухани көпір іспетті. Алғаның көшелерінде, сахналарында, кітапханаларында, саябақтарында қоңыр домбыра үні мен Абайдың мәңгілік жыры жаңғырып тұрды. Ән мен жыр, өлең мен қара сөз – бәрі де бір мақсатқа, бір ұлы мұратқа — елдің рухын асқақтатуға, тілді, ділді, ұлттық болмысты ұлықтауға қызмет етті.
Абайдың асыл мұрасы — халықтың ұлағаты, ал ол ұлағатты аманаттап, келер ұрпаққа жеткізу — бүгінгі ұрпақтың қасиетті парызы. Мерейтойдың әрбір сәті, әрбір шапағаты ұлы ойшылдың «Толық адам» ілімін өмірдің өзіне айналдырып, елдің санасында жаңғырта түсті. Бұл рухани керуен жалғаса бермек, өйткені Абай — қазақпен бірге мәңгі жасайтын тұлға.
Абай тойы әркез жалғаса береді!

 Бетті дайындаған Марал САНДЫБАЙ