Абай мұрасы – ел жүрегінде
8 тамыз күні Қарақобда ауылында ел тарихындағы ұлы тұлға, қазақ әдебиетінің алтын діңгегі – Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай тағылымды лирикалық кеш өтті. Бұл – халқымыздың дана ұстазына, кемеңгер ойшылына деген мәңгі өшпес махаббатының, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан құрметінің жарқын көрінісі.
Халқымыз үшін Абай мерейтойы – өткеніміз бен бүгінімізге көз жүгіртіп, жеткенімізді саралайтын, келешекке бағдар жасайтын сәт. Әр он жыл сайынғы бұл басқосу – ақын мұрасының жаңа қырынан ашылып, ұлтымыздың рухани биігі асқақтай түсетін дәстүрлі мереке.
Кеш барысында Қарақобда мектебінің оқушылары хакімнің «Ғылым таппай мақтанба», «Құлақтан кіріп бойды алар» сынды өлеңдерін жатқа оқып, көпшілікке шабыт сыйлады. Қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі С.Асмадин «Көзімнің қарасы» әнін нақышына келтіріп орындап, жиырмасыншы қара сөзін жүрекке жеткізе оқыды.
Кітапханашы «Ұлы даланың ұлы ақыны — Абай» атты мазмұнды көрмеге шолу жасады. Көрме екі бөлімнен тұрды: «Адам деген даңқым бар» – ақынның жеке кітаптары мен шығармалары, «Ғаламның жыр данасы» – Абайдың өмірі, өлеңдерінің терең мазмұны мен сыршылдығын талдаған зерттеулер мен естеліктер.
Көрме Абай мұрасын жан-жақты таныстыруға бағытталған көрнекіліктермен толықты. Мұнда ақынның портреті мен суреттері, «Жыл мезгілдері» және «Қара сөздері» панорамалары, «Абай» кинолентасы, автор қолжазбасы бейнеленген кілемше, киіз үй макеті, Qr-код арқылы оқуға болатын кітапшалар, «Абай мұражайы» додекаэдрі болды. Экспозицияда Абайдың толық жинақтары, мұрағаттық қолжазбалар, М.Мырзахметұлының «Абайтану» еңбектері, М.Әуезовтің шығармалар жинағы, Ә.Тарақов, С.Негимов, М.Әліпхан сияқты ғалымдардың зерттеулері қойылды.
Кеш қонақтары арасында жылы лебізін білдірген Раймқұлова Анаргүл:
«Өлді деуге бола ма ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артында сөз қалдырған», – демекші, Абайдың 180 жылдығына арналған бұл көрме заманауи көрнекіліктерді молынан пайдалана отырып, өте жоғары деңгейде өтті, – деді.
Бұл кеш – ұлы Абайдың сөзі мен ойы өлмейтінін тағы бір дәлелдеді. Ақын мұрасы – халқымыздың рухани қазынасы, ал оны насихаттау – әр буынның қасиетті борышы.
А.Сәрсенбаева,
Қарақобда ауылдық кітапханасының кітапханашысы