Қоғамдық қауіпсіздік үшін жаңа өзгеріс


Енді қоғамдық орындарда адамның бет-әлпетін толық жабатын киім киюге тыйым салынады. Бұл – құқықбұзушылықтардың алдын алу және бейнебақылау арқылы тәртіпсіздікке қатысушыларды тез анықтау үшін қабылданған шара. Жаңа норма – жазалау емес, құқықтық мәдениетті көтеру және қауіпсіз ортаны қамтамасыз ету жолындағы қадам.

2025 жылдың 30 мауысымнан бастап қоғамдық орындарда бетті жауып жүруге тыйым салынады. Осы мақсатта «Құқықбұзушылық профилактикасы туралы» заңға өзгерістер енгізілді. Енді қоғамдық орындарда адамның бет-әлпетін тануға кедергі келтіретін киім киюге тыйым салынады. Бұл түзету – құқықбұзушылықтың алдын алып, тәртіпті сақтау үшін жасалған қадам.

  • «Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарын, қызметтік (лауазымдық, еңбек) міндеттерін орындау үшін, медициналық мақсаттарда, азаматтық қорғау үшін, ауа райы жағдайларында, сондай-ақ спорттық, спорттық-бұқаралық және мәдени-бұқаралық іс-шараларға тікелей қатысатын адамдарға қажет болатын жағдайларды қоспағанда, қоғамдық орындарда бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киім-кешекті киіп жүруге тыйым салынады», – делінген заң мәтінінде.

Түзетудің мақсаты мен себебі – құқық бұзған адамдарды тез анықтау және жедел әрекет етуге мүмкіндік беру. Тәжірибе жүзінде бетін жауып алған адамдар тәртіпсіздікке жиі қатысқаны, және де кейін бейнебақылау жүйесі арқылы оларды тануға қиынға соққаны анықталған.

Бұл заң кімдерге қатысты емес? Медициналық себептермен жұмыс барысында арнайы киім киетіндерге (дәрігер, құрылысшы, т.б.) өкілетті орган рұқсат еткен жағдайларға бұл тыйым жүрмейді. Сонымен қатар, хиджаб, шейла, химар сынды діни киімдерге тыйым салынбайды, себебі олар бет-әлпетті толық жаппайды. Түзету діни сенім бостандығына қарсы емес.

P.S.: Бұл нормалар халықаралық тәжірибелерде де бар. Мысалы осындай тыйымдарды Франция, Бельгия, Швейцария, Болгария, Дания секілді бірқатар елдерде қолданылады. Өзгеріс Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен алдын ала талқыланып, қолдау тапты. Дінге қатысты шектеу жоқ, тек қауіпсіздік мақсатында бет-әлпетті жасырмау міндеті қойылып тұр. Шектеу зайырлы және құқықтық сипатқа ие, діни сенімге қарсы емес екенін түсінудің маңызы зор.

 

Г.Баетова,
Алға аудандық дін мәселелері және қоғаммен

байланыс жөніндегі орталығының басшысы