Ақ бидай – 2025

 Алға спортшылары жеңіс биігінде

 11–14 тамыз күндері Хромтау қаласында өткен «Ақ бидай – 2025» VIII облыстық ауыл спорты ойындары Ақтөбе облысы спорт сүйер қауымының нағыз мерекесіне айналды. Дәстүрге айналған бұл жарысқа өңірдің барлық ауданынан жүздеген спортшы жиналып, бақтарын сынады, шеберліктерін паш етті.

 «Ақ бидай» – ауыл спортының басты бренді десек артық айтпаспыз. Бұл жарыс еліміздің ауылдық жерлеріндегі бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және жастарды спортқа тарту мақсатында дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.

Алға ауданынан 90-ға жуық спортшы мен бапкерлер делегациясы аттанып, 8 спорт түрі бойынша күш сынасты. Тоқтала кетсек, қазақша күрес, волейбол, үстел теннисі, шағын футбол, асық ату (бес тас), гір көтеру, қол күресі және тоғызқұмалақ спорттық ойын түрлерінен қатысты.

Аламан бәсекеде алғалылық спортшылар намыс туын биік ұстап, бірқатар жүлделі орындарға қол жеткізді:

  • Шағын футбол – Алға ауданы құрамасы барлық қарсыластарын артта қалдырып, чемпион атанды.
  • Тоғызқұмалақ – Құрманалина Фатима қола жүлдені жеңіп алды.
  • Қазақша күрес – 66 кг салмақта Үмірбаев Темірлан – І орын, 60 кг салмақта Қалдыргереев Әбубәкір – ІІ орын.
  • Қол күресі – Әбенов Талғат – ІІІ орын.

Бұл жеңістер – тек спорттық жетістік қана емес, аудан атын асқақтатқан, жастарға үлгі болған табыстар. Жарыс барысында алғалылық спортшылар тек шеберліктерін ғана емес, нағыз командалық бірлікті, табандылық пен жанкештілікті көрсетті.

Алға ауданының спортшылары жеңіс жолындағы еңбектерімен салауатты өмір салтын насихаттап, ауданымыздың спорттық даңқын тағы бір мәрте биікке көтерді.

P.S.: Ауыл спорты – тек жарыс емес, ол – ауыл жастарының жігерін жанып, бірлігін бекемдейтін мереке. Дала төсінде өскен ұл-қыздың бойындағы күш-қуат пен қайсар мінезді дәл осы аламан айқындайды. Сол дәстүрдің үзілмес жалғасы – «Ақ бидай» облыстық ауыл спорты ойындары. Бұл – жеңіс үшін ғана емес, туған жердің абыройы үшін күрес.

 

Мадина ТАЖИБЕКОВА