Намысты қолдан бермеген

Алға ауданының мерейін өсіріп, спорт саласында жолын қалыптастырып келе жатқан талантты спортшыларымыздың бірі, Маржанбұлақ ауылының тумасы, самбодан облыс чемпионы, Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері — Өмірбаев Темірлан Русланұлы.

Темірланның спортқа деген қызығушылығы 2018 жылы пайда болып, дәл осы жылдың сәуір айында жаттығып бастайды. Бойында жігер мен намыс, табандылық секілді нағыз жігітке тән қасиеттер тулаған Темірлан спортқа алғаш келген күннен-ақ үйренуге деген құлшынысын, ниетін байқатады. Ең алғашқы  жаттықтырушысы  Айтқали Әділбек Кенжеболатұлының спортшы үшін орны тым бөлек. Себебі, жаттықтырушының еңбегі зор екендігі айтпаса да түсінікті. Оның спортшыға әрбір жарыс алдында қолдау білдіріп айтқан жалынды сөздері, рухани дем беруін ерекше бағалайтынын жеткізді.

Темірланның бүгінгі таңдағы жеткен жетістігі ауыз толтырып айтарлықтай дәрежеде. Ол дзюда, қазақ күресінен және самбодан Ақтөбе облысының чемпионы, Қазақстан Республикасы Чемпионатының белбеу күресінің жүлдегері. Қазаұша күрес, дзюдо, самбо, белбеу күрестерінен спорт шеберіне үміткер. Сонымен қатар, 2025 жылы жастар арасында белбеу күресінен Қазақстан чемпионатында классикалық және еркін стиль бойынша күміс жүлдегері, Хромтау қаласында өткен «Ақ бидай — 2025» VIII облыстық ауыл спорты ойындарында қазақша күрестен 66 кг  салмақта чемпионы.

Жас спортшы бүгінде Ақтөбе мұнай және газ колледжінде «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша білім алуда. Нақты алдына қойған мақсаты да жоқ емес. Оның ең басты арманы Әлем және Олимпиада чемпионы болып, егемен еліміздің Көк туын желбірету. Олай болса, біз де Темірланға асқақ арманының орындалуын, күш-жігер және жеңістер тілейміз! Ауданымыздың ғана емес күллі қазақ елін әлемге танытатын спортшыларымыз көбейе берсін демекпіз.