Қазақстан Конституциясына – 30 жыл
Конституция құрдасы – Сұлтанбек Темірболат
Жуырда елімізде ең айтулы мерекелердің бірі Қазақстан Конституциясының 30 жылдық мерейтойы аталып өтілмек. Айтулы дата қарсаңында газетіміздің бетіне бүгінде әртүрлі салада халқына адал қызмет етіп жүрген осы Ата Заңымыздың құрдастарын жариялауды жөн санадық. Солардың бірі Алға аудандық ауруханасының анестезиолог-реаниматолог дәрігері – Темірболат Сұлтанбек Оралұлы.
Сұлтанбек Оралұлы 1995 жылы 18 тамызда Хромтау ауданы, Қызылсу ауылында дүниеге келген. 2013 жылы Қызылсу орта мектебін бітіріп, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетіне оқуға түседі. 2020 жылы сол университеттің “Жалпы хирургия” интернатурасын, 2023 жылы “Анестезиолог және реаниматолог” резидентурасын тәмамдайды. 2023 жылдың қаңтар айынан бастап, Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина орталығына қызметке алынып, сол жылдың тамыз айынан бастап Алға аудандық ауруханасына анестезиолог дәрігер болып жұмысқа қабылданады.
Жауапкершілігі өте үлкен қызметте жас дәрігер аянбай еңбек етіп, қаншама науқас жандардың алғысына бөленуде. Медицина саласындағы кез келген дәрігердің жұмысы оңай емес, бірақ осы ішіндегі анестезиолог – реаниматолог болуға екінің бірі тәуекел ете бермейді. Тіпті, бұл жұмысқа шыдамдылық танытып жүру де оңай емес. Себебі, қаншама науқасқа жасалатын ауыр оталардың сәтті өтуі осы маманға тікелей байланысты. Осы саладағы машықты мамандардың арқасында кез келген хирургиялық араласу кезінде адамдар қиналмайды. Анестезиолог-реаниматолог күн сайын адам өмірі үшін күреседі. Олар науқасты операцияға дейін және кейін де қарайтын. Науқастардың жанын аман алып қалу үшін ажалмен тікелей күресетін дәрігер.
Осындай жүгі ауыр мамандық бойынша еңбек етіп жүрген Сұлтанбек Оралұлы былай дейді:
« — Еліме адал қызмет етуден жалықпай, алдыма келген жандардың дертіне шипа, жанына жалау боп келемін. Дәрігер болу-ол бір адамның өміріне жауапты болу дегенді білдіреді. Тығырыққа тіреліп, ең соңғы үміті сен болып келгенде қолыңнан келгеніңді аямай, бар мүмкіндігіңше емдеуге тырысасың. Алайда, қызметте, жалпы өмірде өзің күтпеген сан қилы жағдайлар орын алады. Оның барлығына физикалық, моральды тұрғыдан төтеп беру үшін де үлкен жүрек пен ерік-жігер қажет. Мен мамандық таңдаудан қателескен жоқпын. Себебі мен еліме қызмет ету үшін аянбай тер төгудемін. 30 тамыз еліміз үшін маңызды күн. Себебі, ел тәуелсіздігінің ең алғашқы құжатының осы күні қабылданғанын тарихтан білеміз. Тәуелсіз елдің ұланы ретінде өз елімде алаңсыз, уайымсыз қызмет жасап жатқаным үшін қуанамын. Елімнің болашағы үшін қолымнан келгенше аянбай тер төгуге әзірмін. Барша қазақстандықтарды айтулы мереке Конституция күнімен құттықтаймын! Елімізге тыныштық, жарқын болашақ, салихалы ұрпақ тілеймін!».
Әрбір басқан қадамы нық, кәсібіне жауапкершілікпен қарайтын, «мен елімнен не аламын деп емес, еліме мен не бере аламын» деген өмірлік позициямен жүретін дәл осындай мамандарымыз көп болғай!
Марал САНДЫБАЙ