Жаңа Салық кодексі: жеңілдіктер мен өзгерістер
Ақтөбе облысының шамамен 400 кәсіпкері 2026 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енетін Жаңа Салық кодексіне арналған ауқымды түсіндіру семинарына қатысты. Ақтөбеде бизнес өкілдерімен ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жанибек Нұржанов бастаған орталық жұмыс тобы кездесті. Бұл – Қаржы министрлігі «Атамекен» ҰКП қолдауымен осындай кездесу өткізіп отырған тоғызыншы өңір. Талқылауға мемлекеттік органдар мен Кәсіпкерлер палатасының өкілдері де қатысты.
ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жанибек Нұржановтың айтуынша, құжаттағы негізгі жаңалықтардың бірі – салықтық есептілікті 30%-ға қысқарту және салық түрлерін 20%-ға азайту. Сондай-ақ, негізгі өзгерістер сараланған салық мөлшерлемелеріне, ЖТС бойынша прогрессивті ставкаларды енгізуге, ҚҚС реформасына және «сән-салтанат салығын» енгізуге қатысты болмақ. Спикердің сөзінше, ерекше көңіл инвестициялық салықтық преференцияларға бөлініп отыр, олар бизнес үшін анағұрлым қолжетімді болмақ.
«Салықтық әкімшілендірудің тәсілдері түбегейлі өзгеруде. Біріншіден, камералдық тексерулер жазалаушы емес, ескерту сипатында жүргізіледі. Екіншіден, берешекті өндіру, төлемдерді кейінге қалдыру және бөліп төлеу рәсімдері айтарлықтай жеңілдетіледі. Үшіншіден, аз мөлшердегі берешек үшін МКК кәсіпкерлердің шоттарын автоматты түрде бұғаттамайды. Оның орнына кезең-кезеңімен хабарламалар мен әрекет ету шаралары қолданылады, бұл кәсіпкерлерге уақытылы заңбұзушылықтарды жоюға мүмкіндік береді», – деді Жанибек Нұржанов.
Сонымен қатар микробизнес үшін арнаулы салық режимдері сақталады, кейбір қызмет түрлері бойынша салықтық жүктеме мүлдем алынып тасталады, ал ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін ҚҚС-тан босату шегі 70%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды. Есепті тапсыру тәртібі де жеңілдетілді — бірнеше нысанның орнына бірыңғай жиынтық есеп тапсыруға болады.
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Бизнес өкілдері даулы тұстарды талқылап, өз ұсыныстарын білдіруге мүмкіндік алды.
Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов салық заңнамасындағы өзгерістерді тек мұқият зерделеу ғана емес, кең көлемде түсіндіру жұмысы да қажет екенін атап өтті.
«Біздің мақсатымыз— жаңа ережелерді дұрыс түсінбеуден туындайтын олқылықтарға жол бермеу, бизнеске заңды әрі тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік жасау. ҚР жаңа Салық кодексі қабылданған сәттен бастап «Атамекен» ҰКП бизнеске қатысты негізгі жаңалықтарды талқылау бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Осыған байланысты Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерден, салық сарапшыларынан және аудиторлардан, заңгерлерден, Палата қызметкерлерінен құралған жұмыс тобын құрды. Арнайы салық режимдеріне қатысты ЭҚЖЖ бойынша бірқатар ұсыныстар дайындалып, ҰКП орталық аппаратына жолданды. Бизнес көтерген мәселелер ескеріліп, заңнаманы пысықтау барысында назарға алынады деп сенеміз», — деді Дидар Боранқұлов.
Өңірлерде Кәсіпкерлер палатасы Мемлекеттік кірістер департаментімен бірлесіп, барлық аудандарда түсіндіру жұмыстарын жалғастырады.
Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасы