СПОРТ – БІРЛІК ПЕН ЖЕҢІС КӨЗІ

 Алға жерінде дүбірлі мереке өтті. Аудандық орталық саябақта жиналған спортсүйер қауым, ардагерлер мен жас өрендер, қонақтар мен өнерпаздар бір арнада тоғысып, ортақ қуанышты бөлісті. Бұл күн – спорт саңлақтарының жеңісін ұлықтап, ел намысын асқақтатқан азаматтарға құрмет көрсеткен ерекше сәтке айналды.

 Әуенмен ашылған кеш шымылдығын жүргізушілердің әсерлі сөздері түрді. «Әрбір жеңіс – маңдай тер мен қажырлы еңбектің жемісі, әрбір марапат – ауданымыздың мерейін өсірген үлкен абырой» деген лебіз жиналған жұртшылықтың жүрегінен шыққандай болды.

Сахна төріне Алға ауданының әкімі, спорт жанашыры Асланбек Серікұлы Шүйіншәлиев көтеріліп, спортшыларға ақ тілегін арнап, олардың табыстары – ауданның ортақ қуанышы екенін ерекше атап өтті. Артынша марапаттау рәсімі басталып, еңбегімен елге үлгі болған жаттықтырушыларға Ақтөбе облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының, сондай-ақ аудан әкімінің Алғыс хаттары табысталды.

Жастарға жол ашып, жас буынның намысын қайраған ұстаздар мен спорт кешені меңгерушілері, ауыл-аймақтарда салауатты өмір салтын насихаттаушылар да назардан тыс қалмады. Әр марапат иесінің есімі аталған сайын сахнаға шыққан спорт саңлақтары – ауданның мақтанышына айналған тұлғалар екені тағы бір мәрте айқындалды.

Ең алдымен сахна төріне спорт саласында табанды еңбек етіп, ауданымыздың абыройын асқақтатып жүрген спортшы азаматтар мен олардың жетістіктеріне жол ашқан жаттықтырушылар шақырылды. Күмісбек Өміров, Берик Шалабаев, Нуржан Мурзин, Арманбек Сарбупин, Бағлан Бекешов Ақтөбе облыстық  дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының «Алғыс хатымен» марапатталды.

Сонымен қатар, бұл күні «Үздік ардагер спортшы» аталымы да өз иесін тапты. Өмір жолын спортпен өрген, табандылық пен адалдықтың үлгісін көрсеткен Зайтуна Туралиева, Галина Черничкина, Мұнайбай Жайлаубаев, Сенбай Түкешов пен Рыскелді Базармағанбетов сынды ардагерлер сахна төрінен табылып, халықтың ыстық ықыласына бөленді.

Жұлдыздай жарқыраған жас спортшылар да назардан тыс қалған жоқ. «Спорт жұлдызы» номинациясымен Арманғазы Арынғазиев, Юнус Жұмабеков, Кенесары Жаует, Руслан Динеуов, Бағдат Әлқуаныш, Ерасыл Қосыбаев, Санжар Жумагазин, Фатима Құрманалина, Темірлан Өмірбаев, Әбуәкір Қалдыгереев, Талғат Әбенов сынды жас чемпиондар марапат биігіне көтерілді. Әрбірінің жетістігі – тек жеке жеңіс қана емес, ауданның да абыройы.

Салтанаттың көркі «Ақбидай-2025» облыстық ауыл спорт ойындарында топ жарған шағын футболшылармен жалғасты. Әуесқой деңгейден халықаралық додаларға дейін сүрінбей келе жатқан бұл ұжым – Алғаның мерейін асқақтатқан нағыз мақтаныш.

Сондай-ақ, спортқа дем беріп, қолдау көрсеткен жомарт азаматтар да ұлықталды. «Спорт жанашыры» номинациясымен марапатталған демеушілер мен мектеп әкімшіліктері, жастар ресурстық орталығы – ел болашағы үшін еңбек етіп жүрген азаматтық тұлғалардың жарқын бейнесін танытты.

Ал спорт әлеміндегі жас жеткіншектердің шыңдалуына үлес қосқан жаттықтырушылар «Үздік жаттықтырушы» аталымымен марапатталып, олардың қажырлы еңбегі лайықты бағаланды.

Салтанатты шара соңында өнерпаздар спорт рухын асқақтатқан әндерін арнады. Жеңімпаздар мен марапат иелері сахна төрінде тұрып, аудан жұртына бірлік пен жеңістің символындай әсер қалдырды.

Бұл күн – Алға жұрты үшін жай ғана мереке емес, ұрпаққа үлгі, спортқа деген сүйіспеншілікті арттырған рухани басқосу болды. «Спорт – денсаулық кепілі ғана емес, елдің бірлігі мен жеңісінің бастауы» деген сөзді дәлелдеген осынау кеш – талай жүрекке шабыт, талай жастың арманына қанат бітірген күн болып тарихта қалды.

 

Мадина ТАЖИБЕКОВА