ҚР Конституциясына – 30 жыл

 ОТБАСЫ – КІШІГІРІМ МЕМЛЕКЕТ

 Биыл Қазақстан Республикасының Конституциясына – 30 жыл. Бұл мерейлі белес – тәуелсіз еліміздің даму жолындағы темірқазық құндылықтарды айшықтайтын тарихи кезең. Конституцияда бекітілген негізгі қағидалардың бірі – отбасы институтын қорғау, отбасылық құндылықтарды дәріптеу. Себебі отбасы – қоғамның алтын діңгегі, мемлекеттің іргетасы.

Осы ұлы мерекемен тұспа-тұс Алға қаласының үлгілі отбасы – Тлеубаевтар әулеті өздерінің шаңырақ көтергеніне 30 жыл толуын атап өтуде. Бұл – қарапайым қазақы отбасының тарихы ғана емес, бірліктің, адал еңбектің, ұлттық дәстүрге беріктіктің үлгісі.

«Әулет – ағаштың тамыры, ұрпақ – оның бұтағы. Тамыры терең болса, бәйтерек те биік өседі» дейді дана халқымыз. Әр отбасы – кішігірім мемлекет, оның өз заңы, өз тіршілігі бар. Конституция – елдің айнымас арқауы болса, шаңырақтың да берік іргетасы бар. Ол – сыйластық, мейірім, адал еңбек.

Биыл елдің басты заңы – Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл толып отыр. Осы тарихи белеспен қатарлас, дәл осындай мағыналы межеге Алға қаласындағы өнегелі отбасы – Тлеубаевтар да жетті. Қадірхан Қуанышбайұлы мен Ақалма Мәлікқызы шаңырақ көтергеніне – отыз жыл. Бұл екі мерекенің тоғысуы – тағдырдың жазғаны, отбасы мен қоғам құндылықтарының астасып жатқанын айшықтайтын көрініс.

1995 жылдың 26 тамызында Бестамақ ауылдық округіне қарасты Бесқоспа ауылында жастықтың отымен табысқан Қадірхан Қуанышбайұлы мен Ақалма Мәлікқызы шаңырақ көтерді. 18 жасында аяулы жар атанған Ақалма апайдың тағдыры ұстаздықпен біте қайнасып жатыр. Алғашқы еңбек жолын Бестамақ орта мектебінде бастап, кейін Бесқоспа мектебінде жалғастырып, 1997 жылдан бері Алғадағы №3 қазақ орта мектебіне ауысып, осы жерде табан аудармай 30 жылға жуық шәкірт тәрбиелеп келеді. Бүгінде ол – білікті де тәжірибелі Педагог-сарапшы, мектеп ұжымының сыйлы да ардақты ұстазы. Ол – тек сабақ беруші ғана емес, жүрек жылуын арнап, шәкіртін қанаттандыратын мейірім иесі. Оның ұстаздық жолындағы басты жетістігі – кезінде шәкірт болған жастардың бүгінде әріптеске айналуы. Бұл – ұстаз үшін ең үлкен абырой.

Қадірхан ағай болса, әкесінен дарыған шеберлікті жалғастырып, ауылшаруашылығымен айналысып келеді. Алғашқы жылдары Химзауытта еңбек етіп, кейін денсаулығына байланысты бұл істі қойса да, қолынан іс келетін еңбекқор жан ретінде отбасын асырап, адал еңбектің үлгісін көрсетті.

Тлеубаевтар отбасы – бала тәрбиесінде де өнеге көрсетіп келеді. Үлкен ұлдары Нұрдаулет 1998 жылы дүниеге келіп, 2016 жылы №3 Алға қазақ орта мектебін тәмамдады. Азаматтық борышын Маңғыстау өңіріндегі Бейнеу шекара отрядында кинолог болып өтеп, ел шебін қорғады. Бүгінде шаңырақ иесі атанып, жас отбасының тірегіне айналған Нұрдаулет – ата-анасының үкілеген үмітін ақтаған перзент.

Кенже ұл – Әли 2009 жылы туған. Қазір қаламыздың қара шаңырағы аталған №3 Алға қазақ орта мектебінде 11-сынып оқушысы. Жастайынан спортқа бейім жасөспірім бүгінде еркін күрестен спорт шеберіне үміткер атанып, аудандық, облыстық, республикалық додаларда жүлделі орындарды иеленіп жүр. Ұлттық спортты дәріптеп, қой көтеруден де топ жарып жүрген Әли – қазақ рухын биік ұстайтын буынның өкілі.

Тлеубаевтар әулеті – қазақы салт-дәстүрді берік ұстанған, үлкенді сыйлап, кішіге қамқор болуды өмірлік қағидаға айналдырған отбасы. Бұл шаңырақта әрбір мүшенің өзіндік орны бар, өзара сыйластық пен мейірім – басты заң.

Егер мемлекетіміздің ата заңы – Конституция болса, отбасының да өзіндік «ата заңы» бар. Ол – сыйластық, адалдық, бірлік, еңбексүйгіштік. Осы құндылықтардың арқасында бұл әулет 30 жыл бойы өмірдің қиындықтарын бірге жеңіп, қуанышын бірге бөлісіп келеді.

 

P.S.: ҚР Конституциясының 30 жылдығы мен Тлеубаевтар әулетінің 30 жылдық отбасылық мерейтойының тұспатұс келуіүлкен символдық мәнге ие. Бұл – Конституциядағы отбасы құндылықтарының өмірде нақты көрініс табуының айқын дәлелі.

Тлеубаевтар әулеті – отбасы деген кішігірім мемлекеттің шынайы бейнесі. Еңбекқор ата-ана, тәрбиелі ұлдар, салт-дәстүрге берік қағида – міне, үлгі боларлық өнеге осында.

 

Мадина ТАЖИБЕКОВА