КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ ЗАҢДЫ МҮДДЕЛЕРІ БАСТЫ НАЗАРДА

 Алға ауданында кәсіпкерлікті дамытуға серпін беретін, бизнес өкілдерінің көкейкесті мәселелерін шешуге бағытталған маңызды кездесу өтті. Аудан әкімдігінде аудан әкімі Асланбек Шүйіншәлиев пен аудан прокурорының міндетін атқарушы Ардақ Тамабаев кәсіпкерлер мен инвесторларды жеке қабылдап, олардың өтініш-тілектерін тыңдады.

 Кәсіпкерлік саласында қордаланған проблемаларды шешу — экономикалық дамудың қозғаушы күші. Сондықтан бұл кездесуге аудандық кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры Бернияз Длимов, сондай-ақ барлық мемлекеттік мекемелердің басшылары қатысты.

Кәсіпкерлер өз ісін ілгерілету жолындағы түйткілдерін ашық жеткізді.

Кәсіпкер Әмірхан Избасқанов гипс, брусчатка, термопанель өндірісін кеңейту үшін бос жер телімінің жетіспейтінін мәлімдеді. Бұл мәселеге жедел назар аударған аудан әкімі тиісті бөлім басшысы Жасұлан Пірімжановқа тапсырма беріп, апта соңына дейін заңға сәйкес қарап, келесі аптада аукционға шығаруды міндеттеді. Прокуратураға бақылауға алу тапсырылды.

«Ақтөбе Цем» ЖШС өкілі Арман Нұрғалиев кен орнын өндіруге арналған 40 гектар жер телімін мемлекетке қайтару жөніндегі сауалын көтерді. Аудан басшысы жер қатынастары бөліміне бұл сұрақты заң аясында жедел шешуді жүктеді.

Кәсіпкер Айбат Жеткерген электр энергия тарифтерінің жыл сайынғы өсуінің бизнеске түсіріп отырған салмағы жайлы мәселе қозғады. Ай сайынғы төлемнің 150-200 мың теңгеге жететінін жеткізген кәсіпкерге түсініктеме беріліп, электр жүйелері мекемесінің басшысы Жандос Құлниязовқа тарифтердің нақтылығын айқындап, толық жауап беру тапсырылды.

Бұл қабылдау — билік пен кәсіпкер арасындағы ашық диалогтың нақты көрінісі. Әкімдік пен прокуратура тарапынан айтылған әр ұсыныс пен өтініш назардан тыс қалмай, шешімін табуға бағытталды.

Кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – мемлекет саясатының басты ұстанымдарының бірі. Сондықтан кез келген сұрақпен төмендегі байланыс нөмірлеріне хабарласуға болады:

  • Алға ауданының прокуроры Нұрбек Тұрышов — 8 (71337) 4-19-19
  • Аға прокурор Альбина Альмурзаева — 8 (777) 586 42 05
  • «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Алға аудандық филиалының директоры Бернияз Длимов — 8 (776) 088-80-28, жұмыс тел.: 8 (71337) 7-92-49

Алға өңірінде кәсіпкерлердің үні ескеріліп, заңды мүдделері басты назарда екені тағы бір мәрте дәлелденді.

 

Мадина ТАЖИБЕКОВА