ҚЫЗ БАЛАНЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ – ҰЛТ БОЛАШАҒЫНЫҢ НЕГІЗІ

Баланың денсаулығы – әрбір ата-ана үшін ең қымбат байлық. Әсіресе қыз балалардың өсіп-жетілу кезеңінде дұрыс тамақтануы мен жеке бас гигиенасына көңіл бөлу – болашақтағы денсаулықтың кепілі.

 Қызы баланың тамақтануы

Баланың дұрыс тамақтануы оның бойының өсіп, ақыл-ойының дамуына, иммунитетінің күшеюіне әсер етеді.

Қыз бала ағзасына қажет негізгі тағамдық топтар:

  1. Көкөніс пен жемістер – дәрумендер мен минералдардың негізгі көзі. Күніне кемінде 4–5 рет қолдану ұсынылады.
  2. Сүт өнімдері (айран, сүзбе, ірімшік, йогурт) – сүйек пен тістің мықты болуына қажет кальций береді.
  3. Ет, балық, жұмыртқа – ақуызға бай тағамдар. Олар бұлшықет пен қан құрамын жақсартады.
  4. Дәнді дақылдар, нан, жармалар – энергия көзі. Қарақұмық, сұлы, күріш – ас қорытуға пайдалы.
  5. Су – бала күн сайын жеткілікті мөлшерде (1–1,5 литр) таза су ішуі керек.

Қыз балалардың тәтті тағамдарға әуестігін шектеп, газды сусындар мен фаст-фудтан қорғау маңызды. Бұл артық салмақ пен ас қорыту жүйесі ауруларының алдын алады.

 Жеке бас гигиенасы

Жеке бас гигиенасы – қыз баланың өзін-өзі күтіп, денсаулығын сақтауының негізі.

  • Қол жуу – тамақ ішер алдында, ойыннан кейін және дәретханадан соң міндетті.
  • Тіс күтімі – күніне 2 рет тіс пастасы мен щетка арқылы тазалау қажет.
  • Шаш пен тырнақ күтімі – таза әрі ұқыпты болуы қыздың өзіне деген сенімін арттырады.
  • Киім тазалығы – ішкиім мен киімді күнделікті ауыстыру керек.
  • Жеке заттарды бөліспеу – тарақ, сүлгі, тіс щеткасы әр балада жеке болуы тиіс.

Ерте жастан бастап қыз балаға тазалық мәдениетін үйрету – оның болашақта дені сау, сымбатты әрі әдемі болып өсуіне ықпал етеді.

Қыз баланың денсаулығына ерекше мән беру – ата-ананың да, медицина қызметкерлерінің де басты міндеті. Дұрыс тамақтану мен жеке бас гигиенасын сақтау – болашақта әйел ретінде дені сау ана, ұлт болашағын тәрбиелеуші тұлға болып қалыптасуының негізі.

М.Сейілханова,

Алға аудандық СӨС дәрігері