Өңірдегі мемлекеттік қызметшілер жасанды интеллект технологияларын игеруде

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 11 тамыздағы өткен жасанды интеллектіні дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте қазір дүние жүзінде жасанды интеллектінің қарқынды дамуына байланысты сипаты мүлде жаңа технологиялық өзгерістер болып жатқандығын атап өтті.

Осыған байланысты, жасанды интеллект барлық саланың қозғаушы күші ретінде еліміздің инновациялық дамуының, цифрлық дербестігінің тірегі болуы тиіс.

Президент алдағы бес жыл ішінде Қазақстан цифрлық мемлекетке айналуы керектігін алға тарта, Үкімет пен Стратегиялық жоспарлау агенттігіне жасанды интеллектіні дамыту және еліміздің цифрлық трансформациясы туралы жүйелі құжат әзірлеуді, ал салалық министріктер мен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне тиісті шаралар алуды тапсырды.

Бұл ретте, мемлекеттің цифрлық саясатына арқау болатын тоғыз басымдықтардың бірі – мемлекетті басқару саласын одан әрі цифрландыру. Жасанды интеллект мемлекеттік органдардың жұмыс тиімділігін арттырып, әсіресе, өтініштерді қарау және шешім қабылдау жұмысын жеңілдетуге мол септігін тигізеді.

Осы орайда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, мемлекеттік қызмтшілерге арналған жасанды интелект дағдылары бойынша AI-Qyzmet бағдарламасын іске қосты.

Бұл бағдарлама жаңа технологияны түсінуді ғана емес оны нақты әрекетке айналдырудың қадамы. Соңғы жылдары жасанды ителлект біздің күнделікті өмірімізге де, жұмыс саламызға да еніп үлгерді. Ол енді тек IT мамандарына ғана арналған құрал емес, түрлі салада жұмыс істейтін мамандар үшін де қол жетімді әрі пайдалы бола бастады.

Мемлекеттік қызметте де бұл технология нақты нәтижесін бере алатынын дәлелдеп жатыр. AI-Qyzmet бұл орталық Еуразияда алғаш рет іске қосылған арнайы оқыту бағдарламасы. Мұнда күрделі теория болмайды, барлығы қарапайым тілмен түсіндіріліп нақты мысалдармен көрсетіледі. Бағдарлама шынайы жұмыс жағдайларына негізделген.

Арнайы оқыту курстары Мемлекеттік басқару академиясының өңірлік филиалдарында өтуде.

Бүгінгі күні өңірде мемлекеттік қызметшілерді жаңа дағдыны игеруге бағытталған оқу курстары басталып кетті.

Ағымдағы жылы облыстың жергілікті мемлекеттік органдарының 3 мыңға жуық мемлекеттік қызметшісін AI-Qyzmet оқыту бағдарламасы бойынша оқыту жоспарлануда. Бүгінгі күні 1700-ден астам мемлекеттік қызметші оқытылды.

AI-Qyzmet оқыту бағдарламасы аясында мемлекеттік қызметшілер цифрлық сауаттылығын арттырып, деректерді талдау және әкімшілік процестерді автоматтандыру, сондай-ақ, шешім қабылдау мен өнімділікті арттыру бағытында білімін жетілдіреді.

Бұл өз кезегінде мемлекеттік аппарат қызметінде жаңа технологияларды тиімді қолдану арқылы, халықпен тығыз әрі тиімді байланыс орнатуға мүмкіндік береді.

А.Шілманов,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің

Ақтөбе облысы бойынша департамент басшысы,

Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы