Қаржылық сауаттылық отбасынан басталады
4 қыркүйек күні 15 қыркүйек – Отбасы күніне орай «Жадыра» отбасын қолдау орталығының ұйымдастыруымен отбасыларға қаржылық сауаттылық бойынша іскер жандармен бірлесе ақпарат беру мақсатында «Қаржылық сауат» атты кездесу өткізілді.
Шараның мақсаты – бизнес-тренерлерді тарта отырып, кәсіпкерлік дағдыларды қалыптастыру, кәсіпкерлікті енгізу, әр отбасында қаржыға ұқыпты қарау, жарату, көшбасшылық қасиеттерді дамыту. Шараға алғалық кәсіпкер Жанпейісова Райхан Баймашқызы өзінің кәсіпкерлік саласындағы жүріп өткен жолдарымен кеңірек таныстырып, отбасы мүшелеріне бағыт-бағдар берді. Кез келген кәсіптегі жетістіктің артында үлкен еңбек, ұйқысыз түндер, мазасыз күндер, уайым жатқаны белгілі. Бірақ бұны көп адамдар түсіне бермейді. Үлкен ақша ұқыптылықты, жинақылықты, төзімділікті жақсы көреді. Сол қасиеттер болғанда ғана кәсіп жандана түседі. Оңайлықпен адамға ақша келмейтіні бұл кездесуде кеңінен айтылды. Егер адам алдына нақты мақсат қойып, ақшаны үнемдеп қалай да жетістікке жетем десе, оның қолынан бәрі де келері анық.
Сонымен қатар шараға Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау полиция инспекторы Айнұр Базарбай есепте тұрған әйелдерді қатыстырып, пайдалы кеңестер алды. Аталшым шарада тек қаржылық сауаттылық жөнінде ғана емес сонымен бірге өмірлік қиын жағдайларға тап болған әйел азаматтарымен психологиялық кеңес, әңгімелесулер өтті. «Белсенді өмір сүру орталығының» басшысы, ардагер, ұлағатты ұстаз, әрі кәсіби психолог маман Бақыт Қарағұлқызы қатысушыларға жанға жағымды кеңестер беріп, дәл осы орталықтың психологы тренинг ұйымдастырды.
Бұл кездесуге көп балалы, аз қамтылған отбасы, жалғызбасты аналар, «Қарыз қоғам» жобасына тіркелгендер, пробация есебінде тұрған әйел азаматтары, қолайсыз отбасылар санатындағылар қатысты.
Марал САНДЫБАЙ