Жас ұрпақтың таңдауы – сыбайлас жемқорлықсыз келешек
Жемқорлық – ғасыр індеті. Жемқорлық мемлекеттің, қоғамның дамуына тежеу болатын, болашағына кесірін тигізетін індет. Сыбайлас жемқорлықтың ел дамуына тигізер зияны өте көп. Бұл індетпен тек құзырлы мекемелер ғана емес, бүкіл халық болып күресуді басты міндетке алуымыз қажет. Өйткені, білімді, мәдениетті, бәсекелестікке қабілетті мықты ел болуымыз үшін алдымен жемқорлықты жою маңызды. Сыбайлас жемқорлаыққа қарсы күресті күшейтпей, одан нақты бір нәтиже шығармай, алға қойған мақсатқа жету қиынға соғады. Бүгінде егемен елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және онымен күресу мәселелеріне жауапкершілікпен қарап, көптеген жұмыстар жүргізілуде.
Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, ұлттық болмысымызға жат қылық, ауыр дерт – жемқорлықпен күресу барлығымыздың басты міндетіміз деп білеміз. Олай болса, осы дерттің одан әрі өршімей, мүлдем болмауына тамшыдай болса да үлесімізді қосқанымыз, туған еліміздің тағдырына алаңдаушылық білдіретін нағыз азаматтық тұлғамызды көрсеткен болар едік.
Сыбайлас жемқорлықпен күресте көп нәрсе бүкіл қоғамның белсене атсалысуына байланысты. Әлеуметтік желінің, өзге де медиа-ресурстардың дамуы жағдайында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет барысында оны жалпы жұртшылықтың жек көруі, сыбайлас жемқорлық мән-жайларының болуынан бас тартуы күрестің қуатты құралына айналуы тиіс. Бұл дертпен күрес жас ұрпақ арасында өте белсенді түрде жүргізілсе, нәтиже беретініне сенімдіміз. Сыбайлас жемқорлықтың салдарынан болатын зардаптарды әшкерелейтін, оны жастардың, сонымен қатар жалпы қоғамның санасына жеткізетіндей етіп қойылған театрландырылған көріністер, арнайы түсірілген кинолар, сериалдар, деректі фильмдер оң нәтижесін берері анық. Жемқорлықты жасамауға, түбі жақсылыққа әкеліп соқтырмайтын бұл кеселге жоламаудың жолдарын ақпарат көздері арқылы түсіндіру, насихаттау өте ұтымды деп ойлаймын. Өйткені, жастар көзбен көріп, құлақпен естігенді жақсы қабылдайды, санасына сіңіреді, үлгі алады.
Сайып келгенде, еңселі еліміздің жалынды жастары бүгінде жаңашылдыққа бейімделген, білімді, жан-жақты, ізденуден жалықпайтын жандар боп қалыптасуда. Олар өз болашақтарын сыбайлас жемқорлықсыз болғанын қалайды. Демек, кез-келген уақытта білімді адам қалаған оқуына түсіп, жұмысына орналасып, өз өмір жолында еш кедергі болмағанын қалайды. Осы орайда жемқорлық атты ауыр дерттің болмауы үлкен рөл атқарады. Бәсекелестікке қабілетті дамыған елдермен тереземіз тең болу үшін «сыбайлас жемқорлық» деген кеселден біржолата құтылуымыз керек. Себебі, жас ұрпақтың таңдауы – сыбайлас жемқорлықсыз келешек.
Марал САНДЫБАЙ