ТАЗАЛЫҚ – САНАЛЫ ҰРПАҚТЫҢ КӨРСЕТКІШІ

 Алға қаласын көркейту, абаттандыру бағытында соңғы жылдары бірқатар жұмыстар жүргізіліп келеді. Соның айғағы ретінде қала тұрғындары мен қонақтарының бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасалған төрт заманауи ойын алаңы бар. Олар – орталық саябақ, А.Байтұрсынов атындағы саябақ, 4-шағын аудан саябағы мен Лиман шағын ауданындағы саябақ.

Редакция ұжымы аталған орындардың тазалығы мен жай-күйіне арнайы барып көз жеткізді. Лиман шағын ауданындағы саябақтың жағдайына «жақсы» деген баға беруге болады. Алайда қалған саябақтардың аумағы қоқыстан көз ашпай тұр: жерде балмұздақ таяқшалары, тәттілердің қаптамалары, пластик бөтелке құтылары тіпті темекі тұқылдары шашылып жатыр. Ойнап жүрген балақайлардың аяғының астында мұндай қоқыстың жатуы кім-кімді де бейжай қалдырмасы анық. «Бір баланы тәрбиелеу үшін тұтас ауыл керек» деген нақылды ескерсек, баршамыздың ортақ жауапкершілігімізге сын болып тұр.

Қаламызда тек саябақтар ғана емес, тұрғын үй аулалары мен жалпы типтік ойын алаңдары да бар. Өкінішке қарай, олардың да жағдайы көңіл көншітпейді. Әр аулада балаларға арналған әткеншек, сырғанақ, шағын спорт құралдары қойылғанымен, күтіп қарамағаннан тозып бара жатқанын байқаймыз. Қоқыс жәшігі болса да, оны пайдаланбай, қоқысты айналасына тастай салатындар аз емес.

Бұл жағдай қала мәдениетінің деңгейін көрсетеді. Ойын алаңдары — балалардың ең көп баратын орны. Демек, олардың қауіпсіздігі мен тазалығы ең алдымен ата-аналар мен тұрғындардың жауапкершілігінде. «Бала – болашақ, болашаққа бейжай қарауға болмайды» дегенді әрбіріміз жадымыздан шығармауымыз керек.

«Тазалық — тәртіптің айнасы» демекші баланың бойындағы мінез бен мәдениет, ең алдымен, отбасындағы тәрбиеден бастау алады. Өкінішке қарай, кейбір ата-аналар жұмыстың қамымен жүріп, бала тәрбиесін мектепке, ұстазға ысырып қояды. Әрине, уақыт тапшылығы бар, күн ұзағына жұмыста жүретіндер де аз емес. Бірақ «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, балаға үлгі көрсету, қоршаған ортаны қорғауды үйрету – ең әуелі ата-ананың міндеті.

  • Қарапайым мысал: ата-ана жерде жатқан қоқысты көтеріп, қоқыс жәшігіне салса, бала да соны қайталайды. Әрбір әрекет осылай дағдыға айналады. Ал бұл – болашақ саналы ұрпақтың қалыптасуына жол ашады. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген Әл-Фарабидің сөзі де осыны дәлелдеп тұрғандай.

Қала тұрғындары мен қонақтарына үндеу тастаймыз:

  • Ойын алаңдарын өзіміздің ортақ үйіміздей күтейік!
  • Балаларымыздың ойнайтын алаңын таза ұстайық!
  • Қоғамдық мүлікті бүлдірмей, ұқыпты пайдаланайық!

Өйткені «Тазалық – денсаулық кепілі, тәртіп – елдіктің белгісі». Бүгінгі ұрпаққа қалдыратын ең үлкен мұрамыз – таза, жайлы, көркейген қала болуы тиіс. Әрбіріміз өзіміз тұрған ортаны күтіп ұстасақ, балаға үлгі болсақ, қаламыздың келбеті де, келешегіміз де жарқын болмақ.

 

Мадина ТАЖИБЕКОВА