2026 жылы Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі іске қосылады
- Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмасын орындау мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін әзірлеп жатыр. Жүйеде жерүсті және жерасты суы, гидротехникалық құрылысжайлар мен өзге де су шаруашылығы нысандары туралы мәліметтер жинақталады. Болашақта жасанды интеллект пен ғарыштық мониторинг деректерін қолдану жоспарланып отыр. Бұл елдің су балансын, экономика мен азаматтардың суға деген нақты қажеттілігін анықтауға, су ресурстарын пайдалануды талдауға және бақылауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Ақпараттық жүйені енгізу нәтижесінде жерүсті және жерасты су ресурстарын есепке алу және басқару үшін бірыңғай цифрлық платформа құрылады. Бұл мемлекеттік жүйелермен интеграциялау арқылы мәліметтердің қайталануын жойып, суды пайдаланудағы ашықтық пен тиімділікті арттырады, сондай-ақ су тапшылығы мен төтенше жағдайлармен тиімді күресуге мүмкіндік береді.
Платформа Еуразиялық даму банкінің гранттық қаражаты есебінен әзірленіп жатыр. Жобаны іске қосу 2026 жылдың соңына дейін жоспарланған. Қазіргі уақытта министрліктің Су ресурстары ақпараттық-талдау орталығы бассейн инспекциялары мен «Қазсушар» қызметкерлеріне жүйемен жұмыс істеу жөнінде оқу семинарларын өткізіп жатыр.
Ведомствоға қарайтын ұйымдардың басшыларына Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесіне енгізілетін деректердің дәлдігі мен өзектілігін қатаң қадағалау тапсырылды.
Брифингтерден хабардар болғыңыз келе ме?
Біздің Telegram каналға жазылыңыз! |