Қазіргі заманда сапалы интернет – өмірдің барлық саласына тікелей әсер ететін ең негізгі инфрақұрылымның бірі. Бүгінгі күні білім де, бизнес те, мемлекеттік қызметтер де, тіпті күнделікті қарым-қатынас та интернетсіз мүмкін емес. Бірақ, өкінішке қарай, еліміздің көптеген өңірлерінде интернеттің сапасы әлі де көңіл көншітпейді. Әсіресе ауыл-аймақтарда оқушылар онлайн сабаққа кіре алмай қиналады, жас кәсіпкерлер өз жобаларын дамытуда кедергілерге тап болады. Бұл – елдің дамуына үлкен тежегіш.

Президент қазан айының соңына дейін интернет мәселесін түбегейлі шешуді тапсырды. Бұл – уақытылы әрі дұрыс қадам. Себебі егер біз шынымен цифрлық мемлекет құрып, жаңа технологияларды енгізгіміз келсе, ең алдымен, интернет мәселесін шешіп алуымыз қажет. Жасанды интеллектті дұрыс пайдалану да сапалы интернетсіз мүмкін болмайды. Қазір әлем жасанды интеллектке сүйеніп, білімді, өндірісті, тіпті медицина саласын да дамытып жатыр. Біз де осы мүмкіндіктен қалып қоймауымыз керек.

Халық ретінде біз Президенттің бұл бастамасын қолдаймыз және нақты нәтижесін күтеміз. Интернеттің жылдам әрі қолжетімді болуы – халықтың тұрмысын жақсартып қана қоймай, еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Сапалы интернет – жай ғана ыңғайлы қызмет емес, ол Қазақстанның болашағын айқындайтын басты құралдардың бірі.

 

 

Темирлан Мирманов

 «Algashqy» Азаматтарды Қолдау орталығы

Қоғамдық Қорының басшысы