ТІЛІМ МЕНІҢ-ТІРЛІГІМНІҢ АЙҒАҒЫ

 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күніне орай аудан бойынша түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылды. Тілдер күні – бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан халықтар достығының және бірлігінің белгісі.  Біздің ауданымызда әсіресе ұлттар достығы айқын көрініс тапқан. Бүгінде олардың әрқайсысы ауданымыздың дамуына өзіндік үлестерін қосып келеді.

 Алға аудандық орталықтандырылған кітапхана мен аудандық мәдениет бөлімі «Тіл-ел діңгегі» атты дөңгелек үстел өткізді. Шараға спикер ретінде қатысқан аудандық Мәслихат хатшысы Марат Төлеуов, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Бекжан Аппазов, «Белсенді өмір орталығының» жетекшісі, белгілі ұстаз, тіл жанашыры Бақыт Ерғалиева, аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Рахметолла Жұбаналин қатысып, мемлекеттік тіл, жалпы тіл туралы шынайы пікірлерін ортаға салды. Кештің үйлестірушісі ардагер журналист Шара Елеусіз де тілге деген жанашырлығын, құрметін көрсетіп, ойын білдірді. Елді біріктіретін мемлекеттік тілімізге арналған аталмыш кештің мән-маңызы өте жоғары, берері мол болды.

№2 Маржанбұлақ орта мектебінде кітапханашы Көбегенова Шолпан Бауыржанқызының ұйымдастыруымен «Ұмтылған сөз, ұлықталған экран» атты әсерлі панорамалық сабақ өтті. Бұл тағылымды шарада ұстаздар қауымы қазақ руханиятының темірқазығы – Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының мол мұрасы төңірегінде ой қозғады. «Халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болған ардақты тұлғаның еңбектері ұлттық сана мен әдебиеттің, білім мен ғылымның дамуына қалай ықпал еткені кеңінен талқыланды.
Сонымен бірге қазақ кино өнерінің алтын қорына енген «Мен жастарға сенемін» және «Тар заман» көркем фильмдері талдау нысанына алынды. Бұл туындылардың әрбір сахнасы – халықтың ауыр тағдырын, елдік мұрат жолындағы күресін айшықтап көрсететін құнды туындылар екені атап өтілді. Мұғалімдер фильмдерді көркемдік және тарихи тұрғыдан саралап, сол дәуірдің қайраткерлеріне берілген бағасын жүрекпен сезінді. Сабақ  барысында ұстаздарға түрлі шығармашылық тапсырмалар ұсынылып, олар тарихи деректерге, әдеби мұраларға сүйене отырып, ой толғады.
Панорамалық сабақ тек білім беру үдерісін байытып қана қоймай, ұмытылмас әсер алуға септігін тигізді.

№1 Алға мектеп-бақшасында «Ұлт ұстазы – тіл айбыны» атты мерекелік-танымдық кеш өткізілді. Іс-шара барысында Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен еңбектері кеңінен таныстырылып, мектептің талантты оқушылары мәнерлеп өлеңдер оқыды. Кешті рухани сәнге бөлеген көркем сөздер мен өнерлі оқушылардың орындауындағы әндер қатысушыларға ерекше әсер сыйлады. Мақсаты – ұлт ұстазының мұрасын дәріптеу, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, жас ұрпақты ана тілін құрметтеуге тәрбиелеу.

Тіл – ұлттың жаны. Тілімізді қастерлеу – ең асыл қасиеттердің бірі. Туған тіліміздің мәртебесіне сызат түсірмеу баршамыздың жұмыла көтерген жүгімізге байланысты.

Марал САНДЫБАЙ