Күзгі мезгілде тұмаудан қалай сақтанамыз?
Күз келісімен табиғат қана емес, адам ағзасы да өзгерістерге бейімделе бастайды. Күннің салқындауы, ылғалдылықтың көбеюі, желді ауа райы – бәрі де ағзаның иммундық жүйесін әлсіретіп, түрлі ауруларға, әсіресе маусымдық тұмауға жол ашады. Сондықтан дәл осы кезеңде тұмаудың алдын алу шараларын ескерген жөн.
Тұмау қалай жұғады?
Тұмау – ауа-тамшы жолымен тарайтын жұқпалы ауру. Жөтелгенде, түшкіргенде немесе сөйлескенде вирус адамнан адамға оңай жұғады. Сондай-ақ вирус қол арқылы да таралады: науқастың ұстаған затын пайдаланғанда немесе қол алысқанда жұқтырып алу қаупі жоғары. Бір адамнан шыққан вирус бірнеше метр қашықтыққа дейін таралып, ұзақ уақыт бойы ауада сақталуы мүмкін.
Тұмаудың алғашқы белгілері
Тұмау суық тиюден айырмашылығы – өте тез басталады. Кеше өзіңізді жақсы сезінсеңіз, бүгін таңертеңнен бастап мынадай белгілер мазалауы мүмкін:
- дене қызуының 38–39°С дейін көтерілуі;
- мұрынның бітелуі немесе су ағуы;
- тамақтың жыбырлап, жұтынғанда ауырсынуы;
- жөтел, кеуденің ауырсынуы;
- әлсіздік, тәбеттің болмауы.
Бұл белгілер пайда болғанда «өздігінен жазылар» деп уақыт өткізу қауіпті. Өйткені тұмау асқынған жағдайда өкпе қабынуы, бронхит, синусит, отит сияқты ауруларға әкелуі мүмкін.
Алдын алу жолдары
- Вакцинация – ең сенімді қорғаныс
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тұмауға қарсы екпені маусым басталмай тұрып салдыруды ұсынады. Вакцина вирустың ең қауіпті түрлерінен қорғайды және аурудың жеңіл өтуіне септігін тигізеді. Әсіресе балаларға, жүкті әйелдерге, егде жастағы адамдарға, созылмалы ауруы бар науқастарға екпе алу өте маңызды.
2. Жеке гигиена
Қолды жиі және дұрыс жуу – қарапайым, бірақ ең тиімді шаралардың бірі. Қоғамдық орыннан кейін қолды сабынмен мұқият жуып, қажет болса антисептик қолданған жөн.
3. Дұрыс тамақтану және дәрумендер
Ағзаның қорғаныс қабілетін арттыру үшін дәрумендерге бай тағамдарды тұтыну қажет. Күз айларында көкөніс, жеміс-жидек, табиғи шырындар мен жылы сорпалар иммунитетті нығайтады.
4. Таза ауа мен дене белсенділігі
Күнделікті серуендеу, спортпен айналысу, таза ауада қозғалу – тұмаудан қорғанудың табиғи жолы. Бұл ағзаның қан айналымын жақсартып, вирустарға қарсы күресу қабілетін арттырады.
5. Үйді желдету және тазалық
Бөлмелерді жиі желдетіп, ылғалды тазалық жасау – вирустың жиналуына жол бермейді. Әсіресе жұмыс орындары мен балалардың бөлмесін таза ұстау маңызды.
6. Қоғамдық орындарда сақтық
Адам көп жиналған жерлерде маска тағып, қашықтық сақтаған жөн. Егер өзіңіз ауырған болсаңыз, өзгелерге вирус жұқтырмас үшін міндетті түрде бетперде тағып алыңыз.
Денсаулық – баға жетпес байлық. Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз!
И.Қалымбетов,
Алға аудандық ауруханасының эпидемиолог дәрігері
ТҰМАУҒА ҚАРСЫ ВАКЦИНА – СІЗДІҢ ДЕНСАУЛЫҒЫҢЫЗ ҮШІН!
Құрметті аудан тұрғындары!
Күз-қыс айларында маусымдық тұмаудың өршуіне байланысты Алға аудандық ауруханасында тұмауға қарсы вакцина егу жұмыстары басталды.
Вакцина ақылы түрде жасалады. Тек қана келесі санаттағы азаматтарға тегін егіледі:
- 6 айдан асқан балаларға;
- жүкті әйелдерге;
- созылмалы аурулары бар науқастарға (жүрек-қан тамыр, тыныс алу, қант диабеті, бүйрек және басқа да аурулар);
- 60 жастан асқан зейнеткерлерге;
Вакцина – тұмаудың алдын алудың ең тиімді жолы. Ол ағзаның қорғаныс қабілетін күшейтіп, аурудың ауыр өтуіне жол бермейді.
Алға аудандық ауруханасы мен оған қарасты емханаларда екпе кабинеттері ұйымдастырылған.
Қабылдау уақыты: күнделікті жұмыс күндері, сағат 9:00–17:00 аралығында.
Құрметті тұрғындар, өз денсаулығыңызды қорғап, жақындарыңызды аурудан сақтаңыз! Уақтылы екпе алыңыз!