Жүректерді баураған волейбол

 Спорт – өмір мектебі. Ол адамды тек шынықтырып қана қоймай, табандылыққа, тәртіпке, бірлікке баулиды. Ал балалардың спортқа деген қызығушылығын ояту, оларды үлкен жарыстарға жетелеп, жеңіс жолына бастау – нағыз жанкешті ұстаздың қолынан келетін іс. Қаламыздың қара шаңырағына айналған №3 Алға қазақ орта мектебінің «Волейбол» үйірмесінің жетекшісі, тәжірибелі ұстаз Дулат Саттарұлы Оразалин осындай жанның бірі.

   2015 жылы ашылған «Волейбол» үйірмесі бүгінде талай оқушының сүйікті орнына айналды. Жетекшісі Дулат Саттарұлы – еңбек өтілі 15 жыл, педагог-сарапшы, кәсіби маман. Ақтөбе Мемлекеттік Педагогикалық Институтының «Дене шынықтыру және спорт» факультетін тәмамдаған ол, бала күнінен спортқа бейімдігін кәсіби жолға ұластырды. Соңғы он жылда талай шәкіртін тәрбиелеп, аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі жарыстарға дайындап келеді.

Үйірмеге 5–11 сынып аралығындағы оқушылар қатысады. Жоғары буын – 9–11 сынып, орта буын – 7–8 сынып, кіші буын – 5–6 сынып болып үш топқа бөлінген. Үйірме жұмысы тек спорттық дайындықпен шектелмей, оқушылардың тәртіпке, ұйымшылдыққа, адалдыққа тәрбиеленуіне бағытталған.

Волейбол ойынында әрбір ойыншының қимылы мен шешімі бүкіл команданың жеңісіне әсер етеді. Сондықтан да бұл спорт түрі – жас буынды өзара сенімге, ұйымшылдыққа, ортақ мақсатқа ұмтылуға үйретеді. Үйірменің басты мақсаты – жасөспірімдерді спортқа баулу, олардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, төзімділік пен жігерді шыңдау. Сонымен қатар аталмыш волейбол үйірмесінің міндеттері де ауқымды. Жүйелі жаттығулар арқылы оқушылардың шапшаңдық пен икемділік қабілеттері дамиды, тәртіпке баулынады, жауапкершілігі артады. Бұдан бөлек, үйірмеге қатысқан әрбір жас өзінің бос уақытын тиімді өткізіп, зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстап өседі. Осы мақсатты берік ұстанған Дулат Оразалин тәлім-тәрбие беруде міндеттерін бұлжытпай орындайды.

  • «…Волейбол алаңы – бұл тек спорттық жарыстар өтетін орын ғана емес, жас ұрпақтың достықты, сыйластықты, жеңіске деген құлшынысты үйренетін мектебі. Мұнда қалыптасқан ұйымшылдық пен табандылық қасиеттері ертеңгі күні олардың өмір жолында да серік болады», — дейді үйірме жетекшісі.

 Оразалин Дулаттың шәкірттері аудандық турнирлерде жүлделі орындарды иеленіп қана қоймай, облыстық чемпионаттарда да үздік атанып жүр. Биылғы Қазақстан Республикасының чемпионатында 16 команданың ішінен 4-орынға қол жеткізу –жетістіктің бірден-бір дәлелі. Бұл – бір жағынан балалардың ынта-жігерінің, екінші жағынан жаттықтырушы еңбегінің жемісі.

Жастарды спортқа баулудың нәтижесін көрсететін бір айқын мысал – №3 Алға қазақ орта мектебінің оқушысы, волейбол үйірмесінің дарынды шәкірті Хайрулла Мирасжан. Ол 2013-2014 жылдары туған жасөспірімдер арасында ойынын шыңдап, бүгінде үлкен аренада биік белестерді бағындырып жүр. Биылғы Ақтөбе облысы Чемпионатында «Үздік ойыншы» атанып, өз шеберлігін мойындатты. Қазір ол Ақтөбе облысының құрамасында ойнап, өңірдің намысын абыроймен қорғауда. Бұл – тек бір спортшының жеңісі ғана емес, жас ұрпаққа үлгі, Оразалин Дулаттай ұстаздың еңбегінің жарқын көрінісі.

Сонымен қатар, еңбегі еленген Дулат Саттарұлы «Спорт жұлдыздары» республикалық ғылыми-әдістемелік-патриоттық журналының бас редакторы, Қазақ спорт және туризм академиясының құрметті профессоры М.Тасқалиевтің қолынан «Үздік дене шынықтыру пәні мұғалімі» төсбелгісімен марапатталған.

 Жантлеуова Лена Амангелдеевна, Жантлеуов Мараттың анасы:

  • «Менің ұлым – Жантлеуов Марат, Алға қаласының №3 қазақ орта мектебінің 7 «Д» сынып оқушысы. Ол 5-сыныптан бастап волейбол үйірмесіне қатысып келеді. Осы екі жыл ішінде талай жетістікке жетіп, түрлі жарыстарда топ жарды. 2024-2025 оқу жылында Ақтөбе облыстық жарысында жүлделі І-орын алғандары, біз үшін үлкен қуаныш болды. Ең бастысы – баламның спортқа деген ынтасы артып, волейболға деген қызығушылығы күшейді. Жақында Алматыда өткен чемпионатта 16 команданың арасынан 4-орын алуы – үлкен жетістік. Бұл балалардың ынтымағы мен еңбегінің жемісі. Осындай табыстарға жетуге түрткі болып жүрген Дулат ағайға айтар алғысымыз шексіз. Ол әрқашан
  •  қамқорлық көрсетіп, қолдау білдіріп жүреді. Алда да талай чемпиондарды тәрбиелеп шығатынына сенемін».
  • Мендигалиева Айнагул Викторовна. Мусен Әділеттің анасы:
  • «Менің ұлым – Мусен Әділет, №3 қазақ орта мектебінің 11 «Б» сыныбында оқиды. 7-сыныптан бері волейбол үйірмесіне қатысып келеді. Осы төрт жыл ішінде көптеген жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрінді. Өткен оқу жылының өзінде-ақ облыстық жарыста 2 жүлделі орынға ие болуы – біз үшін үлкен мәртебе. Балалардың спортқа деген қызығушылығы жыл сайын артып келеді. Бұл – Дулат ағайдың шәкірттерге деген құрметі мен қамқорлығының арқасы. Балалардың жағдайын жасап, үнемі әрқайсысына қолдау көрсетіп жүреді. Еңбегіңіздің өтеуі – шәкірттеріңіздің жеңісі. Алдағы уақытта да чемпион шәкірттер көп болсын дегім келеді».

 Набиева Гаухар Базарбаевна, Қайназар мен Рамазанның анасы:

  • «Қоғамда ұрпақ тәрбиесі ең маңызды мәселенің бірі. Әрбір ата-ана баласының болашағына алаңдайды. Сол себепті біз үшін балаларымыздың бос уақытын тиімді өткізіп, спортпен шұғылдануы үлкен бақыт. Ұлдарым Қайназар мен Рамазан 2023 жылдан бастап волейбол үйірмесіне қатысып келеді. Әр күн сабақтан келе сала, дайындыққа асығады. «Волейбол» десе, ішкен асын жерге қоятындарының өзі – бұл спорттың жүректеріне жақын болғанының дәлелі. Дулат ағайға мың алғыс! Ол балаларды спортқа баулумен қатар, тәртіпке, ұйымшылдыққа үйретіп жүр. Мақтау қағаздарын, жетістіктерін қолдарына ұстап келгенде, аналық жүрегім қуанышқа толады. Әрдайым алға жетелейтін ұстаздарымыз барда, балалар ешқашан сүрінбейді деп сенемін».
  • Алданова Айымкыз Тынымгиреевна, Алданов Жанарыстың анасы:
  • «Менің ұлым – Алданов Жанарыс, №3 қазақ орта мектебінің 9 «А» сынып оқушысы. 5-сыныптан бастап волейбол үйірмесіне қатысып келеді. Дулат ағаймен талай қалаларға жарысқа барып, жетістікке жетіп жүр. Волейбол – Жанарыстың ең сүйікті спорт ойыны, жаттығудан қалған емес. Оның әрдайым дайындыққа асығып тұруының өзі Дулат ағайының балаларды қызықтыра білетінінің дәлелі. Ол – өз ісіне берілген, нағыз маман. Балаларға спортпен бірге тәртіп пен ұйымшылдықты үйретеді. Алдағы уақытта да ауданымыздың, мектебіміздің атын шығаратын шәкірттер көп боларына сенемін. Еңбегіңіздің жемісін көріңіз, әрдайым ақ жол болсын дегім келеді».
    Әр шәкірттің жетістігін өз қуанышындай қабылдап, балалардың спорттағы болашағына жол ашып жүрген Дулат Саттарұлы – нағыз жанкешті ұстаз десек артық айтпаспыз. Оның еңбегінің арқасында талай жасөспірімдер спортпен дос болып, ел намысын қорғайтын деңгейге жетіп келеді. Ал ата-аналардың алғысы мен шәкірттердің сенімі – ұстаз үшін ең үлкен марапат.

 

Мадина ТАЖИБЕКОВА