Ардагерлер – ел тірегі

 Алға аудандық ардагерлер кеңесінің кезекті пленумы салтанатты түрде өтті. Жиынға Ақтөбе облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Құрания Мағауияұлы Аймағанбетов, прокуратура саласы ардагерлері ұйымының төрағасы, облыстық кеңес мүшесі Рақымжан Қабылұлы Жұмағұлов, Алға ауданының әкімі Асланбек Серікұлы Шүйіншәлиев және аудандық мәслихат төрағасы Марат Шамшадинұлы Тулеуов, бастауыш ардагерлер кеңесінің төрағалары, «Белсенді өмір сүру» орталығының, аудандық әжелер алқасының және аналар кеңесінің төрайымдары мен мүшелері, мемлекеттік мекемелер мен бөлім басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.

Пленумды аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бекжан Аппазов ашып, қатысушыларды күн тәртібімен таныстырды. Жиынға 25 мүшенің 20-сы қатысып, кворум толық қамтамасыз етілді.

Пленумның негізгі тақырыбы – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру болды. Бұл бағыттағы жұмыстар жөнінде Бекжан Аппазов баяндама жасап, ардагерлердің қоғамдық өмірге белсенді араласуының маңызын атап өтті.

  • «Заң мен тәртіп – елдің тұрақтылығы мен берекесінің кепілі. Әрбір азамат мәдениеттілік пен жауапкершілікті күнделікті өмірінде ұстанса ғана қоғамымызда өзара сенім, сыйластық пен татулық орнайды», – деді Алға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Аппазов.

Сонымен қатар пленумда «Белсенді өмір сүру орталығының» директоры Бақыт Ерғалиева сөз алып, ардагерлер арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды баяндады.

Жарыссөзге шыққан Ахмет Аманжол, Дайра Айдынов, Сарсен Шариев, Қарылға Махамбетова сынды ардагерлер ұсыныстарын білдіріп, елді бірлікке, жастарды отансүйгіштікке шақырды.

Жиын соңында бірқатар ардагерлер ерен еңбегі үшін марапатталды. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасының «Алғыс хатымен» Шахзарат Кулимов, Аманжол Ахмет, Кенжеғара Маханов, Балсұлу Махамбетова және Амангелді Мәмбетияров марапатталса, Гүлжамал Қасымова, Күмісай апай, Зияш Мыңбаев Алға ауданы әкімінің қолынан «Алғыс хат» алды.

Аудан әкімі Асланбек Шүйіншәлиев пен облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Құрания Аймағанбетов сөз алып, ардагерлердің ел дамуына қосып отырған өлшеусіз үлесін атап өтті.

Қорытындысында пленумда күн тәртібіндегі мәселелер толық қаралып, тиісті қаулылар қабылданды.

Алға аудандық ардагерлер кеңесінің пленумы осылайша мазмұнды өтіп, ардагерлердің қоғамдағы рөлі айқын көрініс тапты.

 

Мадина ТАЖИБЕКОВА