Қоғам мен судьяның байланысы

Судья әдебі тек сот залында ғана емес, оның қоғамдағы жүріс-тұрысы, қарым-қатынасы мен айтқан сөзі арқылы да көрінеді. Егер судья әдебін бұзса, ол бүкіл сот жүйесіне деген сенімді азайтады. Керісінше, әдебі жоғары судьялар елдегі құқықтық тәртіпті нығайтады.

Судья – мемлекет атынан әділдік тарататын, заңның үстемдігін қамтамасыз ететін тұлға. Оның қызметі – азаматтардың құқықтарын қорғау, дауларды шешу, қылмыстық істер бойынша әділ үкім шығару. Сондықтан судьяның әдебі – оның кәсіби және адамгершілік қасиеттерінің негізі болып табылады.

Судья әдебі – бұл тек сыртқы мінез-құлық нормалары ғана емес, сонымен қатар ішкі адалдық, бейтараптық, шыншылдық пен әділеттілікке негізделген моральдық ұстанымдар жиынтығы. Әдепті судья: қоғамның сеніміне ие болады, заңды әділ қолданады, ешқандай қысымға берілмейді, өзінің жеке пікірін, наным-сенімін немесе эмоцияларын жұмысынан бөлектей алады.

Қазақстан Республикасында судьялар үшін арнайы Судья әдебі кодексі қабылданған. Бұл құжат судьялардың күнделікті кәсіби және жеке өмірінде ұстануға тиіс нормаларын белгілейді. Аталған кодекске сәйкес, судья тәуелсіз және бейтарап болуы керек. Сонымен қатар қоғамдық іс-шараларға қатысқанда да өз мәртебесіне сай әрекет етуі тиіс, қызмет бабын жеке пайдасы үшін пайдаланбай, қоғам алдында өзінің әділдігі мен адалдығын көрсетуі қажет.

Судья әдебі – тек бір мамандықтың нормасы емес, ол – мемлекет пен қоғам арасындағы сенімнің көпірі. Әдепті судья – әділетті Қазақстанның кепілі. Сондықтан әрбір судья өз қызметінде әдебі мен ар-ожданына сай әрекет етуі тиіс.

 

         К.Килбаева,

 Алға аудандық сотының судьясы