Қызметіне адал, ұжымына тірек
Әрбір мекеменің іргесін ұстап тұрған көзге көрінбейтін, бірақ аса маңызды тіректері болады. Олар – сырт көзге онша байқала бермейтін, дегенмен бүкіл ұжымның тыныс-тіршілігін реттеп, шаруасын дөңгелетіп отырған жандар. Солардың бірі – Алға аудандық ауруханасының шаруашылық иесі, жан-жүрегімен адал қызмет етіп жүрген Багдагүл Дәулетбайқызы Ерниязова. Оның күнделікті еңбегі – ауруханадағы тазалықтан бастап, жарық пен жылудың үздіксіздігін қамтамасыз етуге дейінгі үлкен жауапкершілікті арқалап келеді.
Багдагүл Дәулетбайқызы 1974 жылдың 17 сәуірінде Өзбекстан Республикасының Нөкіс қаласында дүниеге келеді. 1991 жылы мектепті аяқтап, құрылыс колледжіне түсіп, есепші мамандығын алып шықты. Дегенмен, тағдыр оны басқа арнаға бұрды. Өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмаса да, еңбекке ерте араласты. Баспаханада қарапайым машинист болып жұмысын бастады. Бұл – оның еңбекқорлығын, қайсарлығын айқындаған алғашқы қадамдар еді.
2000 жылы отбасымен тарихи отаны – Қазақстанға қоныс аударған Багдагүлдің тағдыры Алға ауданымен тығыз байланысты. 2001 жылдан бері аудандық аурухана қабырғасында талмай еңбек етіп келеді. Міне, ширек ғасырға жуық уақыттан бері осында қызмет істеп, адалдығымен, жауапкершілігімен ерекшеленіп жүр. Оның қолтаңбасы аурухананың әрбір тыныс-тіршілігінен сезіледі.
Еңбек адамының шынайы бейнесі – өзінің ісіне деген сүйіспеншілікте. Багдагүл Даулетбаевнаның өмірлік ұстанымы да осы. Ол үшін жұмыс – тек табыс көзі емес, қоғамға пайда тигізетін, адамдардың жағдайына ықпал ететін жауапты іс.
Отбасында ардақты ана, аяулы жар, сүйікті әже. Бір қыз бен екі ұлдың қамқоршысы, бүгінде төрт немеренің сүйікті әжесі. Отбасындағы жылулық пен береке оның өміріне қуат береді.
Жасы елуді алқымдаса да, білімге деген құштарлығы бәсеңдеген жоқ. Биыл көпсалалы «Болашақ» колледжіне медицина саласы бойынша оқуға түсуі – соның айғағы. Бұл оның болашаққа деген сенімі мен өзін-өзі дамытуға ұмтылысының айқын дәлелі.
Ерниязова Багдагүл Даулетбаевна – тек еңбекқор жан ғана емес, өз ісіне адал басшы. Қазіргі таңда Алға аудандық ауруханасының шаруашылық бөлімін басқарып, ондаған қарапайым жұмысшының еңбегін үйлестіріп отыр. Күн сайын аурухананың тазалығы, жылытуы, электр жарығы, ауыз суы, науқастарға жасалатын жағдай – бәрі де осы бөлімнің тынымсыз жұмысына байланысты.
Бір қарағанда елеусіз көрінетін, бірақ денсаулық сақтау саласының іргетасын ұстап тұрған осы еңбек адамдарының маңызы орасан. «Басшы еңбегі – ұжым еңбегін бағалаудан басталады» дегендей, Багдагүл Даулетбаевна әріптестерінің маңдай терін құрметтеп, олардың жанкешті қызметін жоғары бағалайды.
P.S.: Еңбек күні қарсаңында біз адал еңбегімен елеулі, қарапайым тіршілігімен қадірлі, болашаққа ұмтылысы арқылы үлгі болатын осындай жандарды дәріптеуіміз қажет. Өйткені қоғамның шынайы байлығы – дәл осындай еңбек адамдары. «Еңбек – ырыстың кілті» деген дана сөздің мәнін өмірімен айшықтап жүрген Багдагүлдей еңбек адамдары барда, қоғамымыздың іргесі әрдайым берік болмақ.
Мадина ТАЖИБЕКОВА