АЛҒА АУДАНЫНДАҒЫ ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР

 Ақтөбе облысында соңғы жылдары ауылдық аумақтардың дамуы мен әлеуметтік нысандарды жаңарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Өңір басшысы Асхат Шахаровтың Алға ауданына жасаған кезекті жұмыс сапары – соның айқын көрінісі. Облыс әкімі Бестамақ пен Тоқмансай ауылдарында және Алға қаласында тұрғындардың әл-ауқатына, білім мен спорттың дамуына, сондай-ақ инфрақұрылымның жақсаруына бағытталған ауқымды жобалардың іске асырылу барысын қарады.

 Бестамақтағы «Болашақ» балабақшасы жаңа кейіпке енді

Бестамақ ауылы тұрғындары көптен күткен қуанышына қол жеткізді. «Болашақ» балабақшасының күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілмек.

Облыс әкімі Асхат Шахаров 2023 жылы ауданымызға келген сапарында бұл нысанды аралап, тұрғындардың өтінішін тыңдап шыққан еді. Сол тұста жобалық-сметалық құжаттама дайындауды тапсырған болатын. Нәтижесінде 2024 жылы ЖСҚ әзірленіп, 2025 жылы облыстық бюджет есебінен балабақшаның жөндеу жұмыстарына қажетті қаражат бөлінді.

Балабақша меңгерушісі Ләззат Құрманованың айтуынша, ғимараттың шатыры мен инженерлік жүйелері толық жаңартылып, ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар балабақша ғимаратының қасбеті заманауи материалдармен қапталып, балаларға арналған жаңа ойын алаңдары орнатылды.

Жөндеу жұмыстарын «Бабэк-Құрылыс» ЖШС бес ай ішінде аяқтады. Енді келесі аптадан бастап бүлдіршіндер жарық, жылы әрі жайлы ғимаратта тәрбиеленбек.

  • «Біздің басты мақсатымыз – балалардың дамуы мен тәрбиесі үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру. Балабақша – әр бала өзін қорғалғандай сезінетін, еркін ойнап, білім алатын мекен болуы тиіс», – деді облыс әкімі.

Тоқмансай жолы жөндеуден өтті

    Сапар барысында облыс әкімі «Алға–Тоқмансай» аудандық автожолының жөндеу жұмысымен танысты. Ұзындығы 26,6 шақырым болатын жолдың екі учаскесінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Бұл жоба алғаш рет 2017 жылы басталып, түрлі себептерге байланысты бірнеше жылға созылған болатын. Тек 2024 жылы облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес қаржыландыру қайта қаралып, жоба қолға алынды.  Жауапты компания — «АссанаДорСтрой» ЖШС.

  • «Бұл жолдың жөндеу жұмыстары ұзаққа созылып кетті. Тұрғындардың сын-ескертпелері орынды болды. Барлығын ескердік. Енді басты мақсат – жұмысты сапалы әрі уақытында аяқтау. Бұл жол ауыл өмірінің тіршілігі мен дамуы үшін аса маңызды», – деді өңір басшысы.

Мердігер компания жөндеу жұмыстарын биылғы қазан айының соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.

Жаңа мектеп – ауылдың болашағына салынған инвестиция

 Тоқмансай негізгі мектебіне барған Асхат Шахаров оқу орнының қазіргі жағдайымен танысты. 2004 жылы пайдалануға берілген ғимаратқа тек ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалған. Бүгінде ол заман талабына сай келмейді.

Мектеп директоры Гүлмира Нұрмағанбетованың айтуынша, білім ордасында 67 оқушы оқиды, бірақ сыныптар жеткіліксіз. Тіпті директор мен мұғалімдер бөлмелерін оқу сыныптарына берілген, спорт залы жоқ.

Өңір басшысының жергілікті тұрғындармен кездесу барысында ауыл халқы балалардың жайлы әрі қауіпсіз жағдайда оқуына мүмкіндік беретін жаңа мектептің ауадай қажет екенін айтты.

  • «Мектеп – ауыл өмірінің орталығы. Балалардың жақсы білім алуы үшін барлық жағдай жасалуы керек. Тоқмансайда жаңа мектеп салу мүмкіндігін қарастырамыз», – деді Асхат Шахаров.

Бесқопада жаңа көпір мен жол салынуда

Бесқопа ауылдық округінің әкімі Нұржан Тәженовтің айтуынша, бүгінде көпірге жол жабынының бірінші қабаты төселіп, құрылыс жұмыстары жоспарлы түрде жалғасуда. Жалпы нысанды толықтай аяқтап, пайдалануға беру қазан айының соңына жоспарланған.

Айта кетейік, бұл көпір 1950 жылы салынған. Бүгінде бұл жоба ескі өткелдің орнына тұрғызылып жатқан маңызды инфрақұрылым. Ауыл халқы көптен күткен жаңа көпір тек көлік қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, елді мекендердің өзара байланысын нығайтады.

Сонымен қатар, ауыл ішінде ұзындығы төрт шақырымға жуық екі көшенің жолына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобаға «Жылу ХХІ» ЖШС жауапты болып отыр. Бұдан бөлек, көше жарықтандыру жүйесі де жаңартылып, тұрғындардың өмір сүру жағдайы жақсарып келеді.

Өңір басшысы өз сөзінде:

 Алғада ауызсумен қамту мәселесі шешілуде

   Келесі кезекте өңір басшысы Алға қаласына келіп, әлеуметтік маңызы бар бірақатар нысанды аралады. Қала халқының саны 23 мыңға жуықтап, инфрақұрылымға түсетін жүктеме артқан шақта ауызсумен қамту – бүгінде өзекті мәселенің бірі. Жаз мезгілінде, әсіресе көпқабатты үйлерде су тапшылығы мәселесі жиі туындайды. Жеке сектордағы тұрғындар бау-бақша суаруға суды көп пайдаланатындықтан, су құбырына түсетін жүктеме арта түседі.

Осы тұста, Тамды су қоймасы маңында 10,9 шақырымды құрайтын 35 кВ жоғары электр желісін қайта жаңғырту жұмысы жүргізілуде. Сонымен қатар Алға қаласында әрқайсысы 1400 м³ болатын төрт жаңа су резервуары салынуда. Құрылыс-монтаж жұмыстары Ұлттық қор есебінен қаржыландырылып, жалпы құны 921 миллион теңгеден асады.

Құрылыс жұмыстарын «А.Т.Е.-ЖОЛ» ЖШС жүргізіп жатыр, нысанды қараша айында толық аяқтау көзделген.

Алға ауданы әкімінің орынбасары Талғат Сұлтановтың айтуынша, резервуарлар іске қосылған соң қалада 10 мың текше метрге жуық су қоры жиналады. Бұл, әсіресе жаз мезгілінде, судың үздіксіз берілуін қамтамасыз етеді.

  • «Алға тұрғындарын сапалы әрі үздіксіз ауызсумен қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Жобалар аяқталған соң, қала халқы жыл бойы тұрақты түрде ауызсумен қамтылатын болады», – деп атап өтті облыс әкімі.

Спорт инфрақұрылымы жаңаруда

  Спорт – ұлт денсаулығының айнасы, ел ертеңінің кепілі. Бүгінгі таңда салауатты өмір салтына бет бұру – мемлекет саясатының басты басымдықтарының бірі. Осы тұста спорттық инфрақұрылымды жаңғырту мен бұқаралық спортты дамыту ісіне ерекше көңіл бөлінуде.

Облыс әкімі Алға қаласына жұмыс сапары барысында спорт нысандарының құрылыс барысымен және жөндеу жұмыстарының сапасымен танысты. Өңір басшысы жаңадан салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешенін және күрделі жөндеуден өтіп жатқан орталық стадионды аралап, жобалардың уақытылы әрі сапалы орындалуын ерекше назарда ұстау керектігін атап өтті.

Стадионда жаңа газон төселіп, жүгіру жолдары жасалуда. Жөндеу жұмыстарын «АрысСтройКом» ЖШС қараша айына дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Жаңартылған 1500 орындық стадион алғалықтар үшін спорт пен мәдениеттің жаңа орталығына айналмақ.

Спорт кешенінің құрылыс алаңында қазіргі уақытта монолитті конструкциялар орнатылып, инженерлік желілер тартылуда. Кешенді осы жылдың соңында пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Асхат Шахаров спорттық инфрақұрылымды дамыту – салауатты өмір салтын қалыптастырудың және жастарды спортқа тартудың басты құралдарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ, жобалардың уақытылы және сапалы орындалуы үшін барлық жұмыстарға қатаң бақылау қажет екенін жеткізді.

Өнеркәсіп өркені – өңір өрісі

 Облыс әкімі Алға қаласындағы цемент зауытына барып, құрылыс жағдайымен танысты. Әлемдегі ең ірі цемент өндірушілердің бірі West China Cement компаниясымен бірлесіп, «Aktobe Cem» ЖШС-не қарасты жаңа зауыт құрылысының құны 120 миллиард теңге.

Жылына 2 миллион тонна цемент өндіруге қауқарлы кәсіпорын құрылыс материалдарының ішкі нарығын толық қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетті де күшейтпек. 2026 жылдың соңында зауыт толық іске қосылған жағдайда, 500 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

P.S.: Алға ауданы бүгінде жаңа серпінмен дамып келеді. Ауылдағы балабақша мен мектеп, қаладағы спорт және су нысандары – барлығы тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты істер. Халықтың игілігіне арналған әр жоба – елдің ертеңіне салынған инвестиция. Ал өңір басшысының басты ұстанымы – «Адамға қолайлы орта жасау – өңірдің тұрақты дамуының негізі» деген қағидамен үндесіп жатыр.

Мадина ТАЖИБЕКОВА