АСЫҚТАН ТУРНИР ӨТТІ ДҮРКІРЕГЕН
Бүгін, Ақтөбе облысының Алға ауданы, Бестамақ ауылында бұрын-сонды болмаған дүбірлі дода болды. Дода болғанда ұлттық ойынымыз Асық атудан спорт жанашыры, меценат Құлғазиев Келбатыр Қайырұлының 65 жас мерейтойы мен «МАКО» компаниясының 25 жылдығына орай Батыс аймақтық турнирі өтті.
Бестамақ ауылындағы еліміздегі үздік медреселердің бірі «Ақтөбе» медресе –колледжінің «Мако, Салават» спорт кешеніне көршілес Атырау және Батыс Қазақстан облыстары мен Ақтөбе облысының аудандарынан іріктеліп шыққан мергендер жиналып, спорт жанашырының жүлдесін өзара сарапқа салды.
«МАКО» компаниясы Жылыой өңіріне ғана емес, батыс өңірге танымал алдынғы қатарлы ұжым болса, компанияның негізін қалаушы Келбатыр Қайырұлы өзінің Атымтай жомарттығымен жұртшылықтың көңілінен шығып жүрген біртуар азамат. Ағамыздың спорт пен өнерге, жетім-жесірлерге, мүгедектерге және имандылыққа жасап жүрген қамқорлығын санап тауысу мүмкін емес. Басқасын айтпағанда 2019 жылы осы Бестамақ ауылына құны 120 миллион теңге тұратын «МАКО, Салават» спорт кешенін салдырып, аталған спорт ордасын медресеге сыйға тартқандығын айта кетсек жеткілікті секілді. Міне, бүгін сол кешенде Асық ату спортынан Батыс аймақтық турнирі дүркіреп өтіп, ұлттық ойынымыз тағы бір белеске көтерілген күн болды.
Турнирді Алға ауданы әкімінің орынбасары Болатбек Қанғожин өзінің құттықтау сөзімен ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі және ұлттық ойынды ұлықтаушы Келбатыр ағамызға өзінің ризашылығын білдірді. Жұмысының қауырттығына байланысты ағамыз турнирге өзі келе алмаса да, орынбасары Сұлтан Сәбитұлы Құлсарыдан арнайы келіп, қатысушыларға спорт жанашырының сәлемін жеткізді. Осыдан кейін сөз алған Ақтөбе облысының және облыстық орталық «Ақтөбе» медресе — колледжінің директоры Ерік Сұлтанов пен Ақтөбе облыстық Асық ату федерациясының президенті Елтай Өтеғұловтар шын мықтылар жеңіске жетсін деген ақ тілектерін білдірді.
Ақтөбе облыстық Асық ату федерациясының атқарушы директоры Мусағали Тасқалиев осыдан алты жыл бұрын «Спорт жұлдыздары» журналы қаржылық қиындыққа тап болғанда Келбатыр Қайырұлының көрсеткен қолдауы туралы және сол кездегі редактордың орынбасары Еркін Бақтияровтың ризашылықпен ағамыздың есімін өзінің ұлына қойғандығын айтып берді. Бүгінгі турнирге үлкен Келбатыр келе алмаса да ағасының есімін иеленген кішкентай Келбатыр қатысып отыр деген Мусағали Сабырғалиұлы кішкентай Келбатыр мен әкесін ортаға шақырып жұртшылыққа таныстырды.
Ашылу салтанатына сонымен қатар Алға ауданы әкімінің орынбасары Сансызбай Мұханов, Бестамақ ауылдық округінің әкімі Қанат Дәулеталин, Ақтөбе қалалық Асық ату федерациясының президенті Райгүл Әбдікәрімова секілді құрметті қонақтар қатысты.
Осыдан кейін қатысушылар арасында жеребе тартылып, абыз ақсақал, спорт жанашыры Серікқали Бақтиярұлының ақ батасымен турнир басталды. Алға ауданының әншілері Қанат Үсенбеков пен Жібек Бисенғалиевалар құлақ құрышын қандырар терме мен патриоттық әннен шашу шашты.
Турнир өте тартысты өтіп, сынға түскен 26 сұрмергеннің арасынан Ғарышбее Құлыбек бағы бен бабы қатар шауып бас жүлдені және «МАКО» компаниясы атынан тігілген 500 мың теңге қаржылай сыйлықты женіп алды. Екінші орынға ие болған Темірлан Балдақов (Мұғалжар ауданы) 300 мың теңгені қанжығаға байласа, екі үшінші орынға ие болған Әнуарбек Оспанов (Мұғалжар ауданы) пен Бақдәулет Сламқұлдың (БҚО) әрқайсысына 100 мың теңгеден берілді. Аталған турнирді жоғары деңгейде ұйымдастырған, асық спорты десе ішкен асын жерге қоятын Мусағали Сабырғалиұлының еңбегін жоғары бағалаған Келбатыр ағамыз Құлсарыдан арнайы қаржылай марапат беріп жіберген екен. Сол аманатты Сұлтан Сәбитұлы барша асықшылар алдында Мусағали Сабырғалиұлына салтанатты түрде табыс етті. Бұл шынымен де еңбектің бағаланғаны болды. Еліміз бойынша Асық ату спортына соңғы жылдары дәл Мусағали ағамыздай ерекше еңбек сіңіріп жүрген адам жоқтың қасы. Тек биылдың өзінде Ақтөбеде тұңғыш рет асықшылардың республикалық семинары, тұңғыш рет «Ұстаз сақасы» турнирі өтсе, жақында ғана жастар арасында Қазақстан чемпионаты жоғары деңгейде өтті. 5-7 желтоқсан күндері Асық ату спортынан елімізде тұңғыш рет әлем кубогі Ақтөбеде өткелі отыр. Бұның барлығы Мусағали Сабырғалиұлының ұйымдастыруымен өтіп жатқан шаралар және сол кісінің жанкешті еңбегінің арқасы екендігін бәрі мойындайды.
Осылайша бүгін Бестамақтағы имандылық ордасында ұлттық спортымыз төрге шықты. Медресе ұжымы турнирге қатысушыларға дастархан жайып, құрмет көрсетті. Бұл турнир асық ойнағандар озатындығын және тағы бір мәрте дәлелдеген турнир болды. Атадан балаға мирас болған төл спортымыз Асық атуды қолдаушы Келбатыр ағамыздай жомарт жанға Алла разы болсын! Жүзден жүйрік шыққан сұрмергендерді бүгінгі жүлделерімен шын жүректен құттықтаймыз! Асығымыз әрқашан алшысынан түсіп, жеңісті күндеріміз көп болсын ағайын!
Оразбай Ұлқабай
«СЖ»