ДАЛА ДАНАГӨЙІ – МӨҢКЕ БИ

         Келер заманды болжап, жастайынан тілге шешен, дана болған Мөңке би тағылымын насихаттау, қастерлеу кейінгі ұрпақтың міндеті деп білеміз. Тарихи тұлғаның даналыққа толы мол мұрасын оқыған кезде алар әсер мүлдем басқаша. Кейде тіпті, мың жыл бұрын болатын дүниелерді қалай дәл айтқан деп таңданатындар да аз емес екенін мойындауымыз қажет. Газетіміздің аталмыш санында көпшілік оқырман қауымға дала данышпанының өмірі және айтып кеткен өсиеттерін ұсынамыз.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Шәмшадин Керімовтың 1991 жылғы, 10 қаңтарда «Ана тілі» газетінің №2 санында жарық көрген мақаласында төмендегідей деректер келтіріледі.

Мөңке Тілеуұлы – өз заманының от ауызды, орақ тілді шешені болған адам. Халық арасында кезінде мөңке би айтыпты деген асыл сөз, терең толғаулар, даулар үстінде айтылған әділ биліктер көп сақталған. Бидің қай уақытта туып, қайтыс болғанын тап басып айту қиын, дегенмен көнекөз қариялардың әңгімелеріне құлақ түрсек, әйгілі Сырым Датұлы ат жалын тартып мінген бозбала шағында Жем бойын жайлап отырған, сексеннің үстіне шыққан аузы дуалы ақсақалдан бата алған екен. Демек, Мөңке бидің он сегізінші ғасырда жасаған адам екенін шамалаймыз. Ділмардың ұрпақтары қазіргі Ақтөбе облысы, шежірелі Шалқар ауданында тұрады.

Мөңке бидің ақырзаманның жақындауы, заманның азуы жайлы байламдары өзінен бұрынғы Асан қайғы, Бұқар жырау, кейінгі Шортанбай, Дулат, Албан Асан, Әбубәкір Кердерінің жыр-толғауларымен тоғысып жатады. Бұл ортақ сарынды тудырған сол кездегі тарихи әлеуметтік себептер еді. Патша өкіметінің отаршылдық саясатының күшке мініп, белең алу өткенді аңсау мен сол кездері кең даланы шайқалтқан өзгерістер тосырқаушылық, торығушылық көңіл-күй туғызған болатын.

Ұлы бабаның «Ақырзаман болғанда» атты толғауын Қазақ ССР Ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасында сақталып келеген нұсқасы /239-шы бума/ ел арасынан өзіміз жазылып алынған жаңа үлгімен толықтырылған үлгісін ұсынамыз:

Ақырзаман болғанда:

Түйе бұлан болар,

Жылқы құлан болар,

Өз бауырың суыған болар,

Қатын би болар,

Сиыр пұл болар,

Туған балалар қу болар,

Тамағы сары су болар,

Итке құйсаң – ит ішпес,

Адам оған құмар болар,

Үй ішінде неше жан болса,

Бас-басына би болар,

Тұтам ағаш ту бие болар,

Бір жерде тұрған он шақты үй болса,

Ат атасы аталып, бөлек-бөлек жүйе болар,

Ыштат деген заң шығар,

Екі ауылдың арасы арбамен дүбір болар,

Екі үйді арасы екеу-екеу сыбыр болар…

Марал САНДЫБАЙ