Мыңжылдығын болжаған Мөңке би

Ізтай Мәмбетов атындағы балалар кітапханасының ұйымдастыруымен Мөңке би Тілеуұлының 350 жылдығына арналған «Мыңжылдығын болжаған Мөңке би» атты шарасы өтті.    

Аталмыш шараға Алға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бекжан Аппазов, «Қазақ аналары-Дәстүрге жол» ҚБ-нің аналары, зейнеткер тілші Шара Тұрмағанбетова, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің Алға аудандық бөлімінің экскурсия жүргізушісі Қаламқас Ұзақбаева, «Жастық жігер» мектептен тыс аула клубының қосымша білім беретін педагогы, Алға мектеп-гимназиясы интернатының тәрбиешісі мен оқушылары қатысты.

Балалар кітапханасының қызметкерлері Мөңке бидің түс көріп, оны Сырым батырға жорытпақ болып, бірақ ақыры соңында Сырым батырдың  түс жоруды Мөңке бидің ұзатылған қызына  бергені туралы сахналық көрініс ретінде көрермендерге көрсетіп, қошеметке бөленді. Бұл көрсетілген көріністе дәл бүгінгі біз өмір сүріп отырған заман туралы шындық айтылады.Тағылымы тереңде жатқан тарихи тұлғаның қай нақыл сөзін алмасақ та, тұнып тұрған ғибрат, мол өнеге. Тілеу руынан шыққан ұлы тұлғамыз Мөңке би мың жыл бұрын бүгінгі заманымызды айна-қатесіз суреттеп, болжап кеткеніне ешкім дау туғыза алмасы анық. Сол айтылғандардың барлығы дерлік орындалуда, көзімізбен көріп жүрміз. Жуырда ғана Мөңке бидің 350 жылдық дүбірлі тойы өңірімізде кең көлемде аталып өтті.

Бұл өткізілген шарадан да қатысушылар өте көп тың деректер мен мағлұмат алды. Сонымен қатар кітапханада арнайы Мөңке бидің өмірі мен шығармашылығына арналған «Дала данышпаны – Мөңке би» атты кітап көрмесі жасақталып, таныстырылды.

Тәрбиелік, әрі тарихи маңызы зор шара барысында тақырыпқа қатысты ойындар ойнатылып, оқушылар белсенді түрде қатысып, жауап берді. Аудандық мәдениет үйінің қызметкері Қанат Үсенбеков әсем ән орындап, шараның шырайын келтіре түсті.

Марал САНДЫБАЙ