Қырағы қызметкер – Қуат Еркінұлы Қалиев

 Өрт — секундтармен санасатын, әр сәті сынға толы қатерлі құбылыс. Осындай сәттерде адамдардың өмірі мен қауіпсіздігіне жауап беретін жандар бар. Олар – жалынмен бетпе-бет келіп, ажал мен өмірдің арасындағы нәзік шекте тұрған нағыз ержүрек азаматтар. Солардың бірі – азаматтық қорғау старшинасы Қуат Еркінұлы Калиев. Оның өмір жолы мен қызметі – табандылықтың, кәсіби шеберліктің және Отанға адалдықтың көрінісі.

Ақтөбе облысының Алға қаласында дүниеге келген Қуат Еркінұлы Калиев өз кәсібіне адалдық пен жауапкершіліктің айқын үлгісі. Өрт сөндіру саласында жиырма жылға жуық уақыт еңбек етіп келе жатқан ол бүгінде Алға ауданындағы №6 өрт сөндіру бөлімінің тәжірибелі жүргізушісі, старшинасы.

Еңбек жолын 2008 жылы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің «ӨС және АҚЖҚ» мекемесінде бастаған жас маман техникалық білімін тәжірибемен ұштастырып, әркез кәсіби шеберлігін арттыруға ұмтылды. Ақтөбе политехникалық колледжін «Автокөлікке жөндеу және қызмет көрсету» мамандығы бойынша тәмамдап, бүгінде өрт техникасының құрылымын, оның жұмыс істеу принципін, ақауларын анықтау мен жою жолдарын жетік меңгерген маман ретінде танылған.

Қызмет барысында ол әрдайым тәртіп пен талапқа берік. Мемлекеттік қызметкер этикасын, азаматтық қорғау жарғысын және жол қауіпсіздігі ережелерін мүлтіксіз сақтайды. Әріптестері арасында сыйлы, жас қызметкерлерге үлгі болар ұстаз, қиын сәттерде сабырлы да сенімді серік.

Күнделікті қызметінде өрт сөндіру мен құтқару ісінің алдыңғы шебінде жүріп, адам өмірін қорғауды мақсат етіп келеді. Сол еңбегі еленіп, Қуат Еркінұлы «Азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін», «Мінсіз қызметі үшін» төсбелгілерімен және түрлі алғыс хаттармен марапатталған.

Отбасында сүйікті жар, үлгілі әке. Жұбайы Айдана Абатқызы Алға мектеп-гимназиясының даярлық тобының мұғалімі, екі қыздарының тәрбиесіне үлкен мән беріп, өнегелі отбасылық құндылықтарды қалыптастырған жандар.

Қуат Еркінұлы – еңбекқорлықтың, сабыр мен адал қызметтің жарқын үлгісі. Ол өз борышын абыроймен атқарып, туған жерінің тыныштығы мен халықтың қауіпсіздігі жолында тынымсыз еңбек етіп жүрген нағыз азамат.

Мадина ТАЖИБЕКОВА