Ғылым әлеміндегі жетістіктер барша елдің әлеуетін арттыра түсуі керек – Мемлекет басшысы
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін «Қазақстан – академиялық білім аймағы» халықаралық стратегиялық серіктестер форумы барысында ғылымның ең басты миссиясы – адамзат игілігіне қызмет ету екенін айтты.
Фото: Ақорда
Осы орайда Мемлекет басшысы Қазақстан өз университеттерін алдағы уақытта да жан-жақты дамытатынын жеткізді.
– Мықты университеттер – келешектің фабрикасы. Бұл жерде идеялар туып, кедергілер еңсеріледі. Әділ әрі үйлесімді әлемнің алғышарттары қалыптасады. Жоғары оқу орындары халықтар арасындағы сенім мен ынтымақты күшейтіп, дипломатия құндылықтарын дәріптейді. Университет қабырғасында қалыптасатын студенттер бауырластығы, зерттеушілер қоғамдастығы және академиялық серіктестік тек ғылым-білім саласында емес, экономика мен қоғамдық өмірдегі, тіпті саясаттағы өзгерістерге қозғау салады. Ұлтымыздың біртуар перзенті, әйгілі академик Қаныш Сәтбаевтың «Ғалым барлық өмірін халық үшін, адамзат үшін сарп етеді» деген сөзі бар. Шын мәнінде, ғылымның ең басты миссиясы – адамзат игілігіне қызмет ету. Ғылым әлеміндегі жетістіктер барша елдің әлеуетін арттыра түсуі керек деп санаймын. Себебі ғылым-білім – бөліскен сайын молая түсетін әрі шексіз мүмкіндіктерге жол ашатын қуатты құрал. Бұл саладағы ықпалдастық Қазақстандағы білім-ғылым жүйесінің өрісін кеңейтіп, академиялық дипломатияны өркендетуге зор ықпал етеді деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Президент елімізде дарынды, қабілетті, ойы ұшқыр азаматтар өте көп екеніне тоқталып, халқымыздың жасампаздық рухына сенетінін жеткізді.
– Бәріміз бір ел болып қолға алған реформалар – жұртымыздың жарқын болашағына апаратын даңғыл жол. Сондықтан біз алдағы уақытта да білім мен ғылымға арқа сүйеп, Әділетті, Таза, Қауіпсіз және Күшті Қазақстанды құру ісін жалғастыра береміз. Осы маңызды миссияны орындауға стратегиялық серіктестеріміз, білім және ғылым ордалары ерекше үлес қосып жатқанын атап өткім келеді. Себебі Сіздер еліміздің басты байлығы –азаматтарымыздың ғылыми көкжиегін кеңейтуге, олардың әлеуетін арттыруға іс жүзінде атсалысып жатсыздар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жиында ҚР Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбек, Quacquarelli Symonds (QS) компаниясының президенті Нунцио Квакварелли, Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының (МГИМО) ректоры Анатолий Торкунов, Бейжің Тіл және мәдениет университетінің президенті Пэн Дуань, Cardiff University президенті Венди Ларнер, Woosong білім беру қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Ким Сонг Кёнг, Мәскеу ұлттық ядролық зерттеу университетінің ректоры Владимир Шевченко, Minerva University президенті Бен Нельсон, Баку мемлекеттік университетінің ректоры Эльчин Бабаев, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің ректоры Ербол Исақаев сөз сөйледі.
Осыған дейін Мемлекет басшысы Қазақстан жаһандық білім нарығының бір бөлігіне айналуды көздеп отырғанына тоқталған еді.
https://kaz.inform.kz/news/gilim-alemndeg-zhetstkter-barsha-eldn-aleuetn-arttira-tusu-kerek-memleket-basshisi-d49b99/