Ардагерлер – халқымыздың ар-намысы
Республика күніне орай №2 Маржанбұлақ орта мектебінің ұйымдастыруымен ардагерлерді ардақтап, өнеге тұту, ұрпақтар сабақтастығын, елге деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында «Ардагерлердің өмір жолы – жас ұрпаққа тағылым» атты мәні зор сұхбат-кездесу өтті.
Аталмыш шара еркін форматта жүргізіліп, ардагерлер мен оқушылар бір-бірімен түрлі толғандырған тақырыптарда әдемі әңгіме өрбітті. Сұхбат-кештің кұрметті қонақтары — Алға ауданы Маржанбұлақ ауылының «Қазақ аналары Дәстүрге жол» республикалық филиалының төрайымы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткер төсбелгісінің иегері, ардагер ұстаз Қашқымбаева Жұмағыз Ізбасқызы, «Қазақ аналары Дәстүрге жол» бірлестігінің мүшелері Қайырғазина Рахима Сүйінғалиқызы және Аймағамбетова Алма Жалғасбайқызы.
Тәуелсіз еліміздің төл мерекесі — Республика күніне орай арнайы дайындаған өнерлерін осы мектептің дарынды, өнерлі оқушылары ортаға салып, ерекше ықыласқа бөленді. Отан, туған жер, ата-әже туралы өлеңдер мен әсем әндерді орындап, күй шерткен өнерлі оқушылардың қатарында Дидар Жалғасбай, Алихан Мұратұлы, Инаят Жұмағалиева, Аңсар Жумагазин, Ақерке Ерболат бар.
Ардагерлердің өмір жолы — бұл шыдам мен парасаттың, қажырлы еңбек пен өмірлік тәжірибенің шынайы мектебі. Осындай асыл жандардың жүріп өткен жолы – біз үшін сарқылмас рухани байлық, тәлім мен тәрбиенің көзі. Өнегесі мол шарада ардагерлеріміз өздерінің өмір жолдарын айтып, жас ұрпаққа пайдалы ақыл-кеңестерімен бөлісті.
Соның ішінде осы Маржанбұлақ ауылына сыйлы, құрметті жан, өмірінің жартысын дерлік білім саласына арнаған Жұмағыз Ізбасқызы өзінің «Өмір» атты кемеде жүзіп өткен белестерімен мысалдар келтіре отырып, баяндап берді. Жұмағыз Ізбасқызы жасына қарамастан өте белсенді, көпке үлгі боларлық асыл әжелердің бірегейі. Себебі, ол бір емес екі келіннің бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруіне себепкер болып отырған көрегенді кісі. Бүтін бір әулеттің береке-бірлікте ғұмыр кешуіне зор үлес қосып, жанына жақын-жуығын жиып, немере-шөберелеріне сүйікті әже, балаларына асыл ана, құрбы-құрдастарына, әріптестеріне сырлас болып жүргені кез келгеннің қолынан келе бермесі анық. Кездесу барысында Жұмағыз апай әсіресе, оқушыларға өзінің еңбек жолындағы кездескен қиындықтар мен қуанышты сәттерін үлгі ете отырып, бағыт-бағдар берді.
Кеш қонақтарына мектеп оқушылары қызығушылықпен сұрақтар қойып, жауаптарын да алды. Олардың әсерлі әңгімелерін ұйып тыңдай білді. Сонымен қатар жүргізуші «Қазақ аналары Дәстүрге жол» бірлестігінің қоғамға қаншалықты маңызды, өзекті мәселелердің алдын-алуға бағытталған іс-шаралар өткізетіндігін айтты. «Қазақ аналары — Дәстүрге жол» — ұлттық салт-дәстүрімізді жаңғыртып, жастардың бойына рухани-адамгершілік құндылықтарды сіңіруді мақсат тұтқан қоғамдық ұйым. Бұл бірлестік — аналардың тәрбиелік ықпалын күшейтіп, ұрпақтар сабақтастығын сақтауға бағытталған маңызды қадам.
«Қарты бар елдің-қазынасы бар» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Қарияларды құрметтеп, ардақтау біз үшін – парыз. Себебі, әрбір белес, әрбір асу, ол бір жүріп өткен бір із. Көпті көрген қарттарымызды ардақтап, жас ұрпаққа үлгі болсын деген мақсатпен ұйымдастыруда №2 Маржанбұлақ орта мектебінің ұжымын ерекше атап өткеніміз жөн. Даналыққа жетелейтін мазмұнды шаралардың легі таусылмасын! Қарттарымыз аман болып, ұрпаққа үлгі болып қала берсін!
Марал САНДЫБАЙ