Бала бақыты жолындағы бірлік

 Бүгінгі білім кеңістігі тек оқу бағдарламасымен шектелмейді. Мектеп — тұлға қалыптасатын орта, ал осы ортаның тынысын, рухын, психологиялық ахуалын сақтап тұратын ең басты күш – ол ата-ана, мұғалім және психологтардың бірлескен жұмысы. Осы орайда №3 Алға қазақ орта мектебінде екі маңызды шара өтті. Бұл қоғамда жиі талқыланатын буллингтің алдын алу және ұжымдық бірлікті күшейту бағытындағы жұмыстың нақты көрінісі болды.

   29 қазан күні күзгі демалыс кезеңіндегі жоспарға сәйкес «Буллингтен қорған!» акциясы аясында мектеп психологтары ата-аналарға арналған «Жанұя мен мектеп — бала бақытының кепілі» атты тимбилдинг ұйымдастырды. Бұл шараның мақсаты — ата-ана мен мектеп арасындағы сенімді серіктестікті нығайту, өзара түсіністікке негізделген диалог орнату және баланың психологиялық саулығын бірлесе қорғау.

Тимбилдинг барысында ата-аналар сергіту элементтерін орындап, топтық ойындарға белсене қатысып, бір-біріне деген жылы ықылас пен қолдау танытты. Ортақ әрекет оларды жақындастырып қана қоймай, «Бала тәрбиесінде ешкім жалғыз емес» деген ойды нақты дәлелдеп берді.

Ал 30 қазанда мектепішілік бақылау жоспарына сәйкес ұстаздарға арналған «Ұжымдық бірлік – мектеп жетістігі» тақырыбындағы тимбилдинг жалғасын тапты. Педагогтар арасында сенімге, сыйластыққа, қолдауға негізделген кәсіби ортаны қалыптастыру, психологиялық ахуалды нығайтуға бағытталған бұл шара «ДосболLike» бағдарламасының аясында ұйымдастырылған болатын.

Ұстаздар топтық тапсырмалардың көмегімен бір-бірін тыңдай білуге, ортақ шешім қабылдауға, бір-біріне қолдау көрсетуге бағытталған жаттығуларды орындады. Бұл шара «жақсы ұжым — мықты мектептің жүрегі» екенін айқын көрсетті.

Психологиялық тұрғыдан алғанда, ұжымдағы үйлесім — оқу үдерісінің табысты жүруінің басты факторы. Бірлікте жұмыс істеген мұғалім ғана баланың жүрегіне жол табады, ал бірлігін бекіткен мектеп ғана болашағына сенімді қарай алады.

Екі күн қатарынан өткен бұл іс-шаралар барша қатысушылар тарапынан жоғары бағаланды. Психологиялық тепе-теңдік пен ортақ ынтымақтың бала тәрбиесіндегі шешуші рөлін терең сезінген ата-аналар да, ұстаздар да алдағы уақытта осындай тренингтердің жалғаса беруін қолдайтындарын жеткізді.

Біз үшін әр баланың бақыты — ең басты мақсат. Ал сол мақсатқа жеткізетін үш таған — жанұя, мектеп және ұжымдық бірлік. Ұйымдастырылған шараларға белсене атсалысқан барлық ата-ана мен ұстаздарға алғыс білдіреміз!

А.Мизанова,

№3 Алға қазақ орта мектебінің психологі