Есірткісіз болашақ

Қоғамның қауіпсіздігі мен ұрпақ болашағына төнген ең үлкен қатердің бірі — нашақорлық. Бұл тек бір адамның тағдырын талқандаумен шектелмейтін, бүтіндей бір отбасының, бір қауымның, тіпті тұтас ұлттың болашағын әлсірететін әлеуметтік індет. Елімізде бұл мәселемен күреске кең көлемде көңіл бөлініп отырғанымен, тәуелділікке қарсы шынайы иммунитет әр азаматтың сана-сезімі мен өмірлік ұстанымына байланысты қалыптасады.

Бүгінгі таңда жасөспірімдер арасында синтетикалық есірткінің таралуы алаңдатарлық деңгейге жетті. Әлеуметтік желілер арқылы оңай қолжетімді болған улы заттар жас буынды арбауға тырысатын құрыққа айналып отыр. Осындай қауіпті кезеңде отбасының, мектептің және медициналық ұйымдардың бірлескен жұмысы ауадай қажет.

Аудандық аурухананың салауатты өмір салты кабинеті есірткіге тәуелділікпен күресте жүйелі түрде профилактикалық жұмыстар атқарып келеді. Ауданымыздың мектептерінде «Есірткісіз болашақ», «Жастар және қауіпсіз орта», «Синтетикалық заттардың қаупі», «Бала денсаулығы — ұлт болашағы» тақырыптарында дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, оқушылар, мұғалімдер және ата-аналар арасында ашық пікір алмасу өтті. Бұл шаралар тек ақпарат беріп қана қоймай, жастардың ой-пікірі мен көзқарасын қалыптастыруға, қауіпті жағдайлардан шығу жолдарын түсіндіруге бағытталды.

Оқушылармен кездесулер, ата-аналарға арналған семинарлар, дәрігерлердің түсіндіру сабақтары — мұның бәрі жастарды дұрыс жолға бағыттауға арналған нақты қадамдар. Бірақ қандай жұмыс жасалса да, басты жауапкершілік қоғамның әр мүшесіне жүктеледі. Әрбір ересек адам баланың жан дүниесін түсініп, оған сенім артуы, қажет кезінде қолдау көрсетіп, бос кеңістікті тәрбиемен толтыруы тиіс.

Сонымен қатар аудандық ауруханада тұрғындарға арналған ашық есік күндері өткізіліп, психологтар, наркологтар мен жалпы практика дәрігерлері кеңес берді. Келушілер тәуелділіктің белгілері, оның алдын алу жолдары, отбасы ішіндегі профилактика туралы кәсіби ақпарат алды. Мұндай кездесулер қоғамдағы сенімді арттырып, әр азаматтың денсаулығы үшін маңызды шешім қабылдауына мүмкіндік береді.

Ең бастысы — нашақорлықпен күрес тек медицина немесе құқық қорғау органдарының міндеті емес екенін түсінуіміз керек. Бұл — әрбір ата-ананың, әрбір педагогтың, әрбір азаматтың ортақ борышы. Жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру, спорт пен өнерге баулу, отбасындағы жылы қарым-қатынас — нашақорлыққа қарсы ең берік қалқан.

Ойымызды түйіндей келе, нашақорлықпен күрестің басты тетігі — алдын алу екенін тағы бір мәрте ескерткіміз келеді. Салауатты өмір салтын ұстанған әр жас өзін тұлға ретінде сезініп, есірткінің азғыруына бой алдырмайды. Осы тұста қауіптің де әлдеқайда төмен болатыны сөзсіз.

Есірткіге қарсы күрес — уақыт талабы. Бұл күресте жеңіске жету үшін әр отбасы, әр ұстаз, әр дәрігер, әр азамат ортақ міндетті сезініп, жұмыла әрекет етуі тиіс. Өйткені біз қорғап отырған нәрсе — болашақ ұрпағымыздың амандығы. Жастарымыздың саналы, салауатты, болашағына жауапкершілікпен қарайтын тұлға болып қалыптасуы — бәрімізге ортақ мақсат. Осы жолда әрқайсымыздың ұстанымымыз — «Бір өмір — бір шешім, есірткіге жол жоқ!» болуы тиіс.

М.Сейілханова,

Алға аудандық аурухананың СӨС дәрігері