Көкжөтел ауруы және оның профилактикасы жөнінде

            Көкжөтел – бұл жоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабығының зақымдануымен көрініс табатын бактериялық жұқпалы ауру. Ол, әлсіздік және  жиілеген жөтелмен, ішке дем тарту кезінде «ысқырық» секілді дыбыстың шығуымен сипатталады. Бұл ауру әсіресе сәби жасындағы балалар үшін көбірек қауіптілік төндіріп, аурудың асқынуына және кей кезде тіпті өліммен аяқталуына әкелуі мүмкін.

Көкжөтел ауруын тудыратын Bordetella pertussis бактериясы барлық  елдерде кездеседі. Көкжөтел адамнан адамға жөтелу немесе түшкіру кезінде ауа-тамшылы жолмен оңай беріледі  және тез таралады.

Көкжөтел  белгілері, әдетте, оны тудыратын бактериялармен жанасудан кейін 7-10 күн ішінде дамиды. Алғашқы кезде бала жөтеледі, мұрны бітеліп ұйқысы қашады, дене қызуы 38,5-39 гадусқа дейін көтеріліп, тамаққа тәбеті тартпайды.  Көкжөтелмен сырқаттанған кезде, жөтел құрғақ, бірнеше рет қайталанатын  ұстамалармен ерекшеленеді. Жөтелден соң құсу, тұтқыр қақырықтың бөлінуі, бет-ауыздың ісінуі сынды белгілер байқалады. Аурудың орташа ұзақтығы 3 аптадан 3 айға және одан да ұзаққа созылуы мүмкін.

Көкжөтелдің жиі кездесетін асқынуларының бірі — бактериялық пневмония, ол жас балаларда жиі дамиды және аурудың асқынуы кезінде өлім-жітімнің себебі болады. Сонымен қатар, жөтел мен гипоксия (оттегінің жетіспеушілігі) салдарынан неврологиялық асқынулар, соның ішінде ұстамалар мен мидың зақымдануы (энцефалопатия) дамуы  мүмкін. Сондай – ақ,  ауыр асқынуларға ортаңғы құлақтың қабынуы, дегидратация және анорексия, мұрыннан қан кету және тыныстың тоқтауы жатады.

Көкжөтел жұқпасы үшін негізгі қауіпті топты өмірдің бірінші айындағы балалар құрайды, өйткені нәрестелер инфекцияға сезімтал келеді, әсіресе мерзімнен ертежәне туа біткен инфекциялармен туылған баллар үшін өте қауіпті. Олардың ауруы әлдеқайда ауыр және өлімге дейін әкелетін жағымсыз салдары болуы мүмкін.

Сондай-ақ, туа біткен иммунитет тапшылығы немесе онкологиялық патологиясы бар балалардың басқаларға қарағанда ауырып қалу қаупі жоғары. Көкжөтел инфекциясы жұқпаға қарсы вакцинацияланбаған сәбилер үшін де қауіп төндіреді.

Тұрғындарды көкжөтелден қорғаудың және алдын алудың негізгі әдісі вакцинопрофилактика болып табылады. Көкжөтелге қарсы иммундау профилактикалық егулердің Ұлттық күнтізбесі шеңберінде жүргізіледі.Қазақстан Республикасында вакцинация екі, үш, төрт айлық жастағы үш екпеден және 18 айда ревакцинациядан тұрады. Сонымен қатар, мектепке барар алдында 6 жасында көкжөтелге қарсы қосымша ревакцинация қарастырылған.

Өз балаңызды көкжөтел ауруынан қорғау үшін ұлттық вакцинация кестесін сақтаңыз. Уақытылы жасалмаған вакцинация аурудың одан әрі таралу ықтималдығын арттырады.

Н.Утегенов,

Алға аудандық санитариялық-эпидемиологиялық

бақылау басқармасының басшысы