Депутат

Артылған үміт ақталуда

«Депутат болу — биік мансап емес, бұл — зор жауапкершілік және маңызды міндет. Сіздерді халық сайлады. Жұрт өздеріңізге сенім артып отыр. Ел сенімі — ел аманаты»,- деп Президентіміз Қ.Тоқаев айтып өткендей ел болып сайлаған халық қалаулылары үнемі назарда. Осыдан бір жылға жуық уақыт бұрын Алға ауданының халқы сайлаған депутаттарымыздың арасында ел алдында жүрген, ауданымыздың тыныс-тіршілігіне жаны ашитын азаматтар болды. Уақыт көрсеткендей, елдің қамы мен мұң-мұқтажы жолында тер төгіп, билік алдында халықтың сөзін сөйлеп, сауалын жеткізіп жүрген халық қалаулылары туралы сөз қозғасақ… Солардың бірі аудандық мәслихаттың депутаты, экономика және бюджет, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, экология мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Нурлан Давлетов.

Бұл азаматты аудан халқы жақсы таниды. Нұрлан Давлетов өзіне ыстық Алға ауданын тұрақты түрде сумен, жылумен қамтамасыз етіп отырған үлкен коммуналдық мекемесі «Алға-Жылу» КММ директоры. «Неліктен ыстық?» деген сұраққа жауап берейік. Осыдан 18 жыл бұрын «Алға-Жылуға» жүргізуші болып жұмысқа орналасқан Нұрлан, кейін бас инженер қызметіне, содан соң біліктілігінің арқасында мекеме басшысы болып атанды. 20 жылға жуық уақытын бір мекеменің отымен кіріп, күлімен шығып жүріп жасаған еңбегін ел-жұрт бағалап жүр. Бүгінде қаламыздың жылу жүйесі жақсартылып, су мәселесі орын алмайды. Үйіміз жылы, ішер суымыз таза.

Нұрлан Құдайбергенұлы экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы ретінде ауданымызға қажетті қаражаттың тиімді пайдалануын жіті бақылауда ұстайды.

Аудандық мәслихаттың депутаты сайлауалды бағдарламасында ««Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында тыл ардагерлері мен жалғыз басты қарттарға әлеуметтік көмек көрсетемін» деген. «Сөзің өлгенше, өзің өл» демекші әр азамат мойнына арқалаған жүгін көтеру керек. Осы тұста Нұрлан Құдайбергенұлының қабылдауына Бестамақ округіне қарасты 42 разъезд тұрғыны, 87 жастағы тыл ардагері Шұқамбетов Данағұл есімді ақсақал баспанаға қатысты мәселесін айтып келген еді. Осылайша Бестамақ ауылдық округі әкімдігі мен ауыл жастары, сондай-ақ округтің шаруа қожалықтары, аудандық мәслихат депутаты Н.Давлетов пен Бестамақ медресе-колледжі (директоры Ә.Дауренбеков) қолдауымен құрылыс материалдарын алу үшін демеушілік көмек көрсетілді.

 Тиісті жұмыстар атқарылып, тыл ардагеріне жоғарыда аталған демеушілердің көмегімен тұрғын үйіне қосымша құрылыс жүргізуге толықтай құрылыс материалдары (ракушняк кірпіш, цемент, төбе тактайлары, жылу төсемелер, қарақагаз, профлист) сатып алынды. Және де жылыту маусымының жақындауына байланысты ардагер қысқы отынмен (көмір) қамтамасыз етілді.

Сонымен қатар, халық қалаулысы қаламыздың инфрақұрылымын жаңарту жолында қалтқысыз қызмет етуде. Осылайша Алға қаласы Айымбаев көшесінде жылу беру маусымына дайындық жұмыстары, яғни ұзындығы 700 метр жылу құбырларын ауыстыру бойынша күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Айтемир-Құрылыс» ЖШС жүргізген жөндеу жұмыстарының орындалу сапасын аудандық мәслихат депутаттары жіті бақылауда ұстады. Сондай-ақ, тозығы жеткен 5,6 км кәріз жүйесі жаңартылды.

P.S: Атқарылған жұмыс аз емес. Алайда алға қойған мақсат үлкен. Ендеше, Нұрлан Давлетовтың халық сенімінен артық баға жоқ екенін ұмытпай, тұрғындардың тұрмысын түзеуде қарқынды жұмыс жасап жүруіне тілектеспіз. Өйткені, «Алғыстан» артық баға жоқ…

 

Мадина ТАЖИБЕКОВА