Бойына бар өнерді жиып алған

 Талапты бала — кез келген отбасының мақтанышы, қуанышы. Ал, ондай ерекше қабілет екінің біріне қона бермейді. Ерекше дарындылық, өнер-білімге бейімділік Тәңірден келген сый. Жарық дүние есігін ашқан сәттерден бастап-ақ, ондай балалар өздерінің қабілеттерін жақындарына білдірте бастайды. «Болар бала бесіктен» демекші, сондай қасиеттерін кішкентай кезінен көрсете бастаған газетіміздің бүгінгі санында жас кейіпкер, өнерлі, білімді, дарынды Андыз Нұрғисақызы Нысанбай туралы назарларыңызға ұсынбақпыз.

Алға ауданы, Үшқұдық ауылының тұрғыны Андыз Нысанбай 2014 жылы 25 қаңтарда дүние есігін ашқан.  Балғын бала кезінен ол өнерге жақын болып, бір нәрсені ұғынуға асық боп жүретін ерекше бала боп өседі. Балабақшада да түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Тәрбиешілері баланың бойындағы қабілетті байқап, байқаулардан қалдырмай, жас жеткіншектің қанатын кеңге жайып ашылуына қолдау білдірген.

Андыз 2020 жылы Үшқұдық орта мектебіне 1-сыныпқа қабылданады. Мектепте де сабақ үлгерімі өте жақсы. Қоғамдық шараларда үнемі белсенділік танытып жүреді. Өзі көпбалалы отбасында тәрбиеленуде, үйінің екінші перзенті. Ата-анасы да қыздары Андыздың бойындағы қасиетті байқап, тек алға қарай ұмтылуына мүмкіндік жасаудан жалықпайтын белсенді жандар. Балаға ата-ананың қолдауы өте қажет. Себебі, ата-ана баланың сабақ үлгерімінен бөлек бойындағы түрлі қабілеттерін байқауы тиіс. Тек байқап қана қоймай, үйірмелерге қатыстырып даңғыл жолдың ашылуына себепкер болғандары жөн. Сонда ғана, кез келген бала жылулық сезініп, одан сайын шабыты ашылып биік белестерді бағындыра бастайды. Дәл осындай шабытты Андыздың бойынан көруге болады. Ол әрқашан білуге құштар. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын да қасиеті бар. 2024 жылы мектепішілік Қобыланды батыр жырлары байқауына, «Мені атым Қожа» атты шарасына қатысып, белсенділік танытты.

Сонымен бірге Андыз билегенді жаны сүйеді. Ол «Тұран» би студиясына қатысып, Орал, Ақтау қалаларында өткен байқауларда Бас жүлде, жүлделі орындарға ие болған мың бұралған жас биші. Информатика пәнінен аудандық ғылыми жобаға қатысып, «Жасанды интеллект көмегімен кибер қорғаушы KQ-BOT» тақырыбында cәтті қорғап шықты.

Ұстаздарының айтуы бойынша Андыз өте ақылды, зерек, мейірімді, қарапайым оқушы. Әркез адамдарға көмек беруге де даяр тұрады. Бауырларына ізеттілік танытып, үлкенге құрмет көрсете білетін, болашағынан зор үміт күттіретін талапты оқушы. Олай болса, біз де өз тарапымыздан Андызға кемел келешек, зор денсаулық, сәттілік тілейміз! Өркенің өссін, жас дарын!

Марал САНДЫБАЙ