Алғаға жылжымалы көрме келді
Өткен аптада алғаш рет Алға қаласында Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен «Қазақ даласындағы қыш-құмыра жасау кәсібі» атты жылжымалы көрме және шеберлік сағаты өтті.
Шара алға мәдениет үйінің қызметкері, термеші Қанат Үсеновтың орындауындағы Әбубәкір Кердерінің «Замана халы» термесімен бастау алды. Жобаның мақсаты – Ақтөбе өңірінде көне дәуірлерден бүгінге дейін жалғасқан қыш-құмыра жасау дәстүрін көпшілікке таныстыру, ежелгі шеберлердің мұасын насихаттаужәне ұмыт бола бастаған кәсіпті қазіргі заманға бейімдеп жаңғырту. Ата-бабаларымыздан қалған көз тартарлық өнер түрімен жас ұрпақты таныстырып, қызығушылығын арттыру, оны бағалауға және жаңа кәсіп көздерін игеруге ынталандыру.
Қыш құмыра жасау – көнеден жеткен мұра. Оның тарихы ғасырлар бұрын бастау алып, жасалу технологиясы жылдан-жылға күрделене түскен. Бүгінде заманауи дизайнмен жабдықталған қыш құмыра, ыдыстар жасайтын студиялар көбейіп келеді.
Қыштан ыдыс жасау, мүсіндеу адамның денсаулығына өте пайдалы екенін бірі білсе, бірі білмес. Оны жасаудың қыр-сыры өте көп. Кез келген жерден алынған саз балшықтан бірден мүсін жасалмайды екен. Оны алдымен қазып алып, ішіндегі артық тас, қоқыстарды алып тазалайды, өңдейді. Содан кейін барып бір қалыпқа келтіріп өнер туындысын шығарады. Қазіргі қыш бұйымдарын жасауға арналған студияларда отбасылар өздерінің демалыс күндерін өткізіп, керемет әсер алып, тіпі естелікке фотосессия да жасап жатқанын көріп жүрміз.
Елімізде осынау ежелден келе жатқан баға жетпес өнер түріне баулитын үйірмелер де бар. Қазіргі кездегі балалар арасындағы тағы бір өзекті мәселе — тілдің өз уақытында шықпауы, қол моторикасының дамымауы, бала сөйлеуінің кешеуілдеуі. Логопед, дефектологтар да осы өнер түрімен балаларға шұғылдану ем қабылдауда оң нәтиже беретіндігін айтады. Сумен, балшықпен, жұмсақпен жұмыс істеудің балаларға үлкен пайдасы бар. Ал, ересектер арнайы қыш бұйымдарын жасау студиясына келгенде күнделікті күйбең тіршіліктен, жұмыстан сәл демалғысы келгенде таптырмас демалыс түрі деп есептейді. Деректерге сүйенсек, әсіресе құмыра жасау – онкологиялық аурулармен ауыратын балаларға қол моторикасын дамытуға, бала бойындағы ойлауды, тепе-теңдікті ұстауда пайдасы бар екендігі дәлелденген.
Аудан орталығында тұңғыш рет өткізілген тарихи маңызы бар шараға жиналған халықтың қарасы көп болды. Кәрі мен жас жиналған көрмеде әрқайсысы қызығушылық танытып, сондай таңданыспен мұқият тыңдап отырды. Балалар қыштан бұйымдар жасау әдісімен танысып, өз қолдарымен жасап та көрді. Бұл шарада көрме экспозициясы қола дәуірінен орта ғасырға дейінгі уақыт аралығында жасалған 20-дан астам қыш құмыралар мен археологиялық қазба жұмыстары кезінде түсірілген 30-дан астам фотосуреттер қамтылды. Аталмыш көрменің ашылу салтанатында Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Медет Ерниязұлы Қалмұқанов сөз алып, көрменің мәні мен маңыздылығы туралы ашып айтты. Сонымен қатар аталмыш музейдің аға ғылыми қызметкері Бақтияр Асылбекұлы Нұрпейісов қола дәуірінен орта ғасырға дейінгі қыш бұйымдар көрмесімен таныстырды.
Шараға қатысқан Алға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бекжан Аппазов, Алға аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Баймұрат Жаналин сөз кезегін алып, лебіздерін білдірді. Сонымен бірге көрмеге «Белсенді өмір сүру» орталығына келушілер, мәдениет қызметкерлері, ұстаздар, оқушылар қатысты.
Әр халықтың өнері мен шеберлігінің белгісі ретінде танылған қыш бұйымдарын жасау өнері ғасырдан-ғасырға жетіп, әрі қарай өз жалғасын табатыны анық. Қаламызда алғаш рет өткен көрмеден көрермендер көп нәрсені түйді деген ойдамыз. Халқымыздың мәдени мұрасы – баға жетпес байлық.
Марал САНДЫБАЙ