Ауыл өмірін жеңілдеткен жаңа көпір

 Алға ауданында аудандық маңызы бар «Алға – Тоқмансай» автомобиль жолында жаңа көпір ашылды. Есет Батыр Көкіұлы ауылында орналасқан нысанның құрылысы 2025 жылдың мамыр айында басталып, белгіленген мерзімінде толық аяқталды.

  Жобаны «Жылу-ХХІ» ЖШС мен «LiderlnvesGroup» ЖШС бірлесіп жүзеге асырды. Ал авторлық қадағалаушы мекеме ретінде «ASTIC GROUP» ЖШС, техникалық қадағалаушы ретінде «SEB-NAR» ЖШС жұмыс атқарды.

Жалпы құны 491 миллион теңгені құраған көпірдің ұзындығы – 39,1 метр, ені – 13,6 метр. Сонымен қатар, 331 метр қоса алынған жол жаңартылып, екі жақты жаяу жүргіншілер жолы салынды. Бұл нысан ауыл тұрғындары мен көлік жүргізушілері үшін қозғалыс қауіпсіздігін арттырып, қатынауды әлдеқайда жеңілдететіні сөзсіз.

Ашылу рәсімінде Алға аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуандық Үсенғалиев сөз сөйлеп, жаңа көпірдің маңыздылығын атап өтті.

  • — Бұл көпір — ауыл халқының қауіпсіз әрі ыңғайлы қозғалысын қамтамасыз ететін маңызды нысан. Құрылыс сапалы жүргізілді. Тұрғындар үшін де, жүргізушілер үшін де бұл үлкен жеңілдік. Осындай жобалар ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді, — деді ол.

Сондай-ақ, ауыл ақсақалы Бақыткерей Қожбанов сөз алып, ел атынан ризашылығын білдірді.

  • — Бұл ауыл менің туып-өскен жерім. Бұрын көктемгі су тасқыны кезінде көп қиындық көретінбіз. Бір-екі жыл бұрын өзен тасығанда ауыл шетіне су кіріп, біраз зиян келтірген еді. Енді, міне, ауылымызға жаңа көпір беріліп отыр. Бұл – халық игілігі үшін атқарылған үлкен сауапты іс. Еңбектері жемісті болсын, — деді ақсақал.

Жаңа көпірдің ашылуы – Алға ауданындағы жол инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды. Бұл жоба ауыл мен аудан арасындағы байланысты нығайтып, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға зор үлес қосатыны анық.

Мадина ТАЖИБЕКОВА