Партияға адалдық – елге қызметтің өлшемі

Елдің даму бағытына серпін беріп, саяси жаңғыру мен қоғамдық бірлікті нығайту ісінде «AMANAT» партиясының рөлі ерекше.  Тәуелсіздік жылдарында партия еліміздің басты әлеуметтік-саяси күшіне айналып, қоғамның барлық саласында өз ізін қалдырды.

 Осы ұлы мақсат жолында адал еңбек етіп, партияның бағдарламалық міндеттерін жүзеге асыруға белсенді атсалысып жүрген азаматтар ауданымызда аз емес. Солардың қатарында «Жұлдыз» бастауыш партия ұйымының төрағасы Гүлмира Есенова мен «Алға-Жылу» бастауыш партия ұйымының төрағасы Гүлжахан Махамбетова бар.

Партия жұмысына белсене араласып, елдің өркендеуіне, мемлекетіміздің тәуелсіздігі мен тұғырын нығайтуға қосқан елеулі еңбегі үшін Гүлмира Есенова «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Бұл – оның ұзақ жылдар бойы қоғамдық іске адалдықпен, жауапкершілікпен қараған еңбегінің лайықты бағасы деп білеміз.

Ал партия қатарындағы ынтымақ пен ұйымшылдықты арттыруға, тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешуге ұйытқы болып жүрген Гүлжахан Махамбетова «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың атынан «Құрмет грамотасымен» марапатталды.

Марапат иелері бұл жетістікті жеке еңбектің емес, тұтас ұжымның табысы деп бағалайды.
Осындай белсенді партия мүшелері барда елдік мүдде жолындағы істердің баянды болары сөзсіз. «AMANAT» партиясының жергілікті ұйымдары бұдан әрі де халық пен билік арасындағы алтын көпір болу миссиясын абыроймен атқара беретініне сенім мол.

Жұмагүл САГИМБАЕВА