Қызылша құтырып тұр

Бүгінгі күні ел ішінде қызылша ауруы өршіп тұр. Ал, бұл індеттің ахуалы біздің ауданда қандай? Міне, осы сауалға жауап іздеген біз аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы  басшысы Нуркен Утегеновпен сұхбаттасқанды жөн көрдік.

—   Нуркен Алпамысович,  жалпы вакцинация не үшін керек?

—   Вакцинация замануи медицинаның ең үлкен жетістігі. Бұл миллиондаған адамның өмірін, балаларды түрлі аурулар мен мүгедектіктен сақтайды. Мәселен, вакцинация арқасында әлемде бірнеше аурулар жойылды. Атап айтар болсақ, полиомиелит, шешек, қызамық, іш сүзегі аурулары қазір жойылды. Вакцина арқасында әлемде инфекциялық аурумен ауыратындардың саны бірнеше пайызға қысқарды. Сондықтан вакцинаның қауіпті инфекциялық аурулардың алдын алуда әсері өте зор. Оларды басқарылатын аурулар деп те атайды. Яғни вакцинация арқылы ауруды таратпай ұстап тұруға болады. Вакциналаудың жалпы принципі – ауру тудыратын бактериялар мен вирустарды әлсіздендіріп, ағзаға енгізу арқылы, бала ағзасында иммундық жауап қалыптастыру. Осылайша, аурудың өзімен бетпе-бет келгенде ағзадағы иммундық жауап қарсы тұрып, баланың мүлдем ауырмауына немесе сырқаттың жеңіл өтуіне көмектеседі.

  • Қазіргі уақытта қызылша вакцинациясы бойынша көрсеткіші қандай?
  • Алға ауданындағы қызылша ауруының эпидемиологиялық жағдайына тоқталар болсақ. Осы уақытықа дейін тек қана вакцинамен реттелетін ауа тамшысы, қарым-қатынаста болған кезде жұғатын инфекциялық аурулары бойынша қызылша ауруы 280 жағдай тіркелді. Соның ішінде 80 пайызы күнтізбелік вакцина алмағандар. Қызылша, көкжөтел ауруымен ауырған науқастар ішінде балалар арасында барлығы ұлттық күнтізбелік екпелерін алмаған балалар. Аурудың көзі — науқас адам. Вирус ауа тамшы жолы арқылы, түшкірген кезде, сөйлеген кезде таралады. Вирус өте тез тарайтын жұқпалы ауру болып есептеледі, олай дейтініміз екпе алмаған баллар жүз пайыз жұқтырады.

Аурудан сенімді қорғанудың бірден бір жолы ұлттық  егулер күнтізбесіне енгізілген қызылшаға қарсы  ВАКЦИНАЦИЯ  болып табылады. Сондықтан түрлі себептермен балаңыз немесе өзіңіз қызылшаға қарсы  егілмеген болсаңыз тез арада  емдеу профилактикалық мекемелерге барып егілулеріңізді сұраймын. Өйткені, қызылша қауіпті инфекция. Балаңызды және өзіңізді қызылша  ауруынан қорғап үлгеруіңіз қажет.

Жасқа толмаған 6 ай мен 11 ай 29 күн және 5 жасқа дейінгі балалар арасында ауру деңгейін азайту, балаларды қызылша ауруынан қорғау мақсатында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 01 қараша 2023 ж. №7 қаулысына сәйкес республика бойынша 6 ай мен 10 ай 29 күн аралығындағы балаларға және 2 — 5 жас аралығындағы балаларға 2023 жылдың 6 қарашасынан бастап қызылшаға қарсы егу шаралары жүргізілуде.

Алға ауданында қызылшаға қарсы егу шарасына 6 ай мен 10 ай 29 күн аралығындағы 411 бала жоспарланып, бүгінгі таңға 387 бала егіліп, 2-5 жас аралығындағы 2454 бала жоспарланып, 2297 бала егілді. Егу шаралары неғұрлым ерте аяқталса, егу шарасынан соң 21-28 күнде балалардың ағзасында қызылша ауруына қарсы тұру қабілеті қалыптасып, бұл балалар қызылша ауруынан қорғалады.

Егу шарасына Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сертификатын алған вакцина қолданылады. Ауруды еңсерудің нақты жолы — балаларды қызылшаға қарсы егіп, 6 айлық сәбилерден бастап 5 жасқа дейінгі балаларды қызылша ауруынан қорғау. Балаларыңызды қызылшаға қарсы ектіріңіздер. Сонда ғана ауруды жеңеміз дегім келеді.

 

Қызылша дегеніміз не және ол несімен қауіпті және вакцинаны кімдерге алуға болмайды?

Қызылша – бұл өте кең түрде таралған инфекциялық ауру. Көбінесе балаларда кездеседі. Оның белгілері – дене қызуының 38-40° С дейін көтерілуімен, жалпы уланумен, шырышты көз, мұрын жұтқыншақ, жоғарғы тыныс алу жолдарындағы қабыну құбылыстарымен, кейіннен бөртпенің пайда болуымен сипатталатын жіті инфекциялық сырқат. Жалпы әлсіздік пайда болып, бас ауырып, тәбет төмендейді, ұйқы бұзылады. Қызылша кезінде кейіннен бір-біріне бірігетін, қызғылт немесе қызыл дақ түрінде бөртпелер шығады. Онымен ауырып сауыққаннан кейін ұзақ уақыт бойы (2 айға дейін) иммунитеттің төмендеуі байқалатынын есте сақтау қажет. Сондықтан бала қандай да бір суық тию немесе вирустық аурумен ауыруы мүмкін. Оны шамадан тыс жүктемеден, мүмкіндігінше-науқас балалармен қарым-қатынастан қорғау қажет.

Жалпы, вакцинация қабылдау алдында дәрігерлер міндетті түрде медициналық тексеру жүргізеді. Вакцина салдырмас бұрын дене қызуын өлшеу, эпидемиологиялық анамнезді жинау (науқасты субъективті тексеру әдісі), жүрек соғысы жылдамдығын, қан қысымын өлшеу, тыныс алу және жүрек қан-тамырлары жүйелерін, тамақты тексеру сияқты медициналық тексеріс жүргізіледі. Егер тексеру барысында адам денсаулығынан кінәрат табылса, вакцина жүргізілмейді. Бір айта кететіні, тексеріс кезінде вакцинаға қарсы тұрақты және уақытша қарсылықтар болуы мүмкін. Егер уақытша қарсылықтар тіркелген болса, адам жазылғаннан кейін қайта келіп екпе салдыра алады.

  • Қазір тіркеліп жатқан қызылша ауруының клиникасының ерекшелігі неде? Қорғанудың қандай тиімді тәсілдері бар?

Қызылша ауруының вирусы өзінің аса жұқпалылығымен ерекшеленуде, вирус өте қауіпті және клиникалық белгілері өте ауыр өтуде.

Қазіргі қызылшамен ауырған жасқа толмаған және 5 жасқа дейінгі балаларда ауру ауыр клиникалық белгілерімен ерекшеленуде, дене қызуының жоғары температураларға дейін көтерілуі, соның салдарынан балаларда тырысу белгілерінің пайда болуы, өкпеде қабыну белгілерінің жиілеуі, жалпы иммуниттетті әлсіретуі, соның салдарынан басқа да созылмалы ауруларды қоздыру қаупі ұлғаюда. Әрине, қызылша ауруынан қорғанудың тиімді жолы — 1 жасында және 6 жасында қызылшаға қарсы жоспарлы егу шараларын жасату. Сонымен қатар 30 жасқа дейінгі қызылшаға қарсы егілмеген, егілгені жөнінде дерегі жоқ адамдар да қызылшаға қарсы егілуге тиіс.

  • Сұхбатыңызға рақмет!

P.S: Елді елеңдетіп отырған мәселенің бірі – екпе (вакцина). Бұл – балаларда кездесетін түрлі жұқпалы аурулардың алдын алу үшін егіледі. Өкінішке қарай, екпе егуге қарсы ата-аналар көбейді. Денсаулық сақтау қызметкерлері болса, баланың өмірін ұзарту үшін қолданатын екпенің зияны жоқ екенін айтып, шырылдап бағуда. Сондай-ақ, екпе алу арқылы елімізде жұқпалы аурулар жойылуда.

Құрметті алғалықтар, кез-келген жұқпалы ауруды алдын алудың ең тиімді әдісі – екпе алу.

Әңгімелескен, Мәншүк САПАРОВА