Президент экологиялық айыппұлдардың бір бөлігін жергілікті бюджетке төлеу мәселесін пысықтауды тапсырды
Мемлекет басшысы салық-бюджет үдерістерін жетілдіруге қатысты бірнеше ұсыныс айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Фото: Ақорда
«Заңды тұлғалардың мүлік және жеке табыс салығының белгілі бір бөлігі аудандардың қосымша трансферттері арқылы төртінші деңгейлі бюджетке аударылғаны жөн. Мұның бәрін Үкімет өңірлер арасындағы алшақтықты реттеуді көздейтін Аймақтық стандарттар жүйесімен ұштастыруы қажет», деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, бірқатар өңір тұрғындары үшін экологиялық айыппұлдарды толық төлеу аса өзекті мәселе болып.
«Өндіріс орындары экологияға шектен тыс зиян келтіретін елді мекендер тұрғындары мұндай төлемдердің бір бөлігі жергілікті бюджетке түскенін қалайды. Олар бұған толық құқылы. Байқалған теңсіздікті реттеп, мемлекеттік саясаттың ашықтығын, тиімділігі мен әділдігін қамтамасыз ету үшін біз салық-бюджет үдерістерін жүйелі түрде жетілдіре береміз. Бұл – Үкімет жұмысының маңызды бағыты.
Үкімет өңірдегі бюджет деңгейлері арасында қазынадан қаржы алуға лимит қою мәселесін қарастыруы керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.