Улы газдың әсері
Ауа райы суытқан кезде тұрғын үйдегі өрт емес, кей кездері адамның өліміне әкеліп соғатын улы газдан улану жағдайларының саны өседі.
Алға ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі қауіп-қатердің алдын алу мақсатында тұрғындарға бірқатар іс-әрекет тәртібін хабарлайды.
Улы газды адамдар әдетте көп байқамайды, өйткені оның түсі де, иісі де жоқ, қаза болған адам оны сезбей кетеді. Оған қоса, газ ауамен араласып өзінің улағыш қасиетін жоғалтпаған күйі тез тарайды. Көп жағдайда улы газдан улану көмірмен немесе газбен жағылатын пештерді немесе қазандықтарды дұрыс пайдаланбаудан туындайды.
Уланудың негізгі белгілерінен хабардар болу қажет. Улы газ иіссіз болатындықтан, тыныс алу ауасының құрамында 0,08% көмірқышқыл газы араласқан кезде адамның басы ауырып, тұншығу белгілері сезіліп, улануы мүмкін. Көмірқышқыл газының концентрациясы 0,32% дейін жоғарылаған кезде сал ауруының белгілері байқалып, есінен тану жағдайлары болады.
Мұндай жағдайда зардап шегушіге дәрігер келгенге дейінгі көмектің дұрыс көрсетілуі өте маңызды. Ол үшін алдымен уланған адамды таза ауаға шығарып, аяғын сәл көтеріңкі күйде жатқызып, денесін тар киімнен босатып, мүсәтір спиртін иіскетіңіз. Егер адам есін біліп жатырса, оған тыныштық және үзіліссіз оттегі қажет. Мысалы, газетпен желпуге немесе желдеткіш қосуға болады. Ал зардап шегуші демала алмай жатырса, алдымен тыныс алу жолдарын тазалап алып, дереу жасанды дем беру қажет. Және де «Жедел жәрдем» қызметін шақырыңыз. Ондай мүмкіндік болмаған жағдайда өмірлік маңызды функциялары қалыпқа келгеннен соң зардап шегушіні емдеу мекемесіне жеткізуге тырысыңыз.
Есіңізде болсын! Уланған адамды қауіпті газ концентрациясы бар жерден алып шығу кезінде өзіңіз бірге уланып қалмас үшін бірінші кезекте өз қауіпсіздігіңізді қамтамасыз ету қажет. Ол үшін тез әрекет етіп, қол орамалы немесе дәке арқылы тыныс алу керек.
Улы газдан уланудың алдын алу мақсатында қарапайым қауіпсіздік шараларын естеріңізге саламыз:
— Тек жарамды жабдықтарды қолданыңыз. Желдету жүйесінің жұмысына жүйелі түрде тексеру жүргізіп, түтін шығу мұржаларын уақытылы тазалаңыз, пештер мен каминдерді қалау кезінде тек кәсіпқой мамандарға жүгініңіз;
— автокөлік иелерінің көлікжайда (гаражда) қозғалтқыш бөлігін қосулы күйде қалдырмауын мұқият қадағалау керек.
Сіздерді жоғарыда айтылған ережелерді қатаң сақтап, естен шығармауға шақырамыз. Өз өмірлеріңіз – өз қолдарыңызда! Сақ болыңыздар!
Алға ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі
және «Алға ауданының әкімі аппараты» ММ