САЛТ-ДӘСТҮРІМ – АСЫЛ ҚАЗЫНАМ
Әрбір халықтың салт-дәстүрі оның бітім-болмысын, тұрмыс-тіршілігін айқындайды. Ұлттық дәстүрлер арқылы саналы ұрпақ тәлім-тәрбие алып, өсіп-өнеді. Соның ішінде біздің халқымыз салт-дәстүрлерге өте бай. Ауданымызда рухани, ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін тағылымы мол іс-шаралар жиі өткізіліп тұрады. Солардың бірнешеуіне тоқталсақ.
Қазақ әдебиетіндегі ұлттық салт-дәстүр көрінісі
Ізтай Мәмбетов атындағы балалар кітапханасында оқырмандарға қазақ әдебиетіндегі ұлттық салт-дәстүрлердің көркем бейнесін таныту, жас ұрпақты рухани құндылықтарды қадірлеуге тәрбиелеу мақсатында танымдық кездесу кеші өтті.
Бұл шараға арнайы шақыртумен Ақтөбе қаласынан және Алға ауданының ауылдарынан «Қазақ аналары – Дәстүрге жол» Қоғамдық бірлестігінің бір топ ақ жаулықты әжелері келіп, жастарға тәлім-тәрбиелік мәні зор ақыл-кеңестерін айтты. Олардың қатарында ардагер-дәрігер Шәмшия Айжарықова, ардагер-ұстаздар Рабиға Батырова, Айжан Мақатова, Жұмақыз Қашқынбаева, Болғанай Әлденбаева, ардагер-кітапханашы Баршагүл Омарбекова, ардагер мәдениет қызметкері Аққағаз Тәжіғұлова, ауыл шаруашылығы саласының үздігі Айшолпан Басенова бар. Аты аталған аналардың барлығы кеуделері қазынаға, рухани байлыққа толы, кейінгі ұрпаққа айтары бар, көпті көрген көрегенді асыл аналар. Олардың әрбіреуінің өмірбаяны бір бөлек тарих, кітап десек артық айтпаспыз. Бұл жандардың жүріп өткен жолдары нағыз үлгі боларлықтай даңғыл жол деп есептейміз.
Шара барысында қазақ әдебиеті шығармаларындағы дәстүрлерге шолу жасалып, талқыланды. Көптеген халқымыздың байырғы ұмыт боп кеткен ырым-тыйымдары, салт-дәстүрлерлі туралы мағлұмат берілді. Әдемі кештің сәнін Алға мектеп-гимназиясының мың бұралған биші қыздары келтіре түсті. В.И.Пацаев атындағы №2 орта мектебінің оқушысы Кәусар Дамирқызы жанды жадыратар әдемі әнін арнап, әжелерінің ақ батасын алды. Сонымен қатар №4 Алға орта мектебінің 10 «А» сынып оқушысы Медина Оразымбетова «Қазақ әдебиетіндегі ұлттық салт-дәстүр көрінісі» атты ғылыми жобасын таныстырып, салт-дәстүрлерге жеке-жеке тоқталып түсіндіріп өтті. Тағылымы мол кештің соңында №4 Алға орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жарикова Гаухар Нұрланқызы қонақтарымызға ризашылығын білдірді.
Аталмыш кітапхананың кітапханашылары тақырыпқа сай кітап көрмесін жасақтап, шолу жасады. Ойға түйетіні көп шарадан көрермендер өте жақсы әсер алды. Ұлттық салт-дәстүрлерімізді ардақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу баршамыздың міндетіміз. Ұлттық құндылықтарымыз – дәстүрлеріміз мәңгі жасасын!
«Атадан бата алайық» сайысы өтті
Алға аудандық «Жадыра» отбасын қолдау орталығының ұйымдастыруымен Алға қаласы тұрғындарының арасында бата беруден сайыс еткізілді.
Сайысқа Алға қаласы бойынша 45-65 жас аралығындағы барлығы 7 қатысушы қатысты. Байқау шартының бірінші бөлімінде сайысқа қатысушылар өзін таныстырып, кез келген тақырыпта дайындап келген баталарын айтты. Ал, екінші бөлімде суреттер көрсетілген салт-дәстүрге байланысты берілетін бата түрлерін атып, көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Аталмыш сайысқа қала тұрғыны, батагөй ақсақал Әлімбай Әбішев, Алға аудандық мәдениет үйінің жанынан құрылған «Аллажар» жанұялық ансамблінің көркемдік жетекшісі Айжамал Нугманова қазылық етті.
Әділқазылардың шешімімен қатысушыларға төмендегідей орындар берілді:
І орын — Ильясов Тынымгерей Узакбаевич, (58 жаста,кітапхана
күзетшісі)
ІІ орын — Қалиев Гайдар Сейілханұлы
ІІІ орын — Жұманиязов Дүйсенғали (65 жаста, зейнеткер)
Марат Қарашолақов, Қуандық Донов, Жалғас Сейіт, Гайдар Құрманиязов есімді қатысушылар Ынталандыру сыйлықтары және алғыс хаттармен марапатталды.
Жалпы түркі жұрты, қазақ халқы сөз атаулының қасиет екенін ежелден білді.Дүниетануымыздың ұлттық бір жүйесі – бата. «Бабадан асқан әз болмас, батадан асқан сөз болмас» деп, ата-балаларымыз сонау замандардан бері асыл сөздің қадірін ерекше бағалаған. Бата – бастағалы тұрған істің қасиетті тұмары. Ақ батаның түпкілікті мақсаты – ел-жұртының бір-біріне деген мейірімін, шапағатын, сүйіспеншілігін айту, достыққа, береке-бірлікке, ырыс-ынтымаққа шақыру; жақсы іске бас болу, үлкен-кішінің жолын ашу, алдағы өмірге мақсаттар белгілеу. Жастарға, көпшілік қауымға үлгі болу мақсатында өткізілген бұл сайыстың маңызы зор. Қаламызда осындай аузы дуалы, батагөй тұрғындардың болуы қуантады. Бұндай жандар жүрген жерлерінде даналыққа толы баталарын беріп, тәлім-тәрбие беріп жүретіні анық.
Сүйінбайдың батасы
Ағайындар, туғандар,
Жүрген жерің Нұр болсын.
Тыңдағаның жыр болсын.
Жолымыз басқа болғанмен
Тілегіміз бір болсын
Әуелі Алла оңдасын,
Оң жағынан толғасын,
Жан жағынан қорғасын.
Бақ пен дәулет қатар кеп,
Мыңғырып өссін мал-басың.
Ұрпағымыз мол болсын,
Қайда барса жол болсын,
Қария мен қарт әже
Ақ тілегі оң болсын.
Жаппар ием, Құдірет,
Айтқан сөзім қабыл ет,
Қазынасы кең Құдайым,
Орындалар ақ тілек,
Ағайын, бауыр, жақындар,
Сәл-сәл ғана сабыр ет.
Аллаһу-әкбар!
Найманбайұлы Әсеттің батасы
Ал, батамды берейін,
Арта берсін мерейің.
Қойға толып өрісің,
Алшы түссін кенейің.
Құлан-тайың шұрқырап,
Тассын бағың, мерейің!
Басыңа бұлт қонбасын,
Өмір гүлің солмасын!
Төбеңе күн ұялап.
Тірлігіңді оңдасын!
Қиындыққа қайыспа
Арың болсын жолдасың!
Ел бастасаң батыр боп,
Жаппар ием қолдасын!
Дүшпандарың жер шұқып,
Сағы сынып сорласын!
Судай тасып дәулетің,
Еш жамандық болмасын!
Нәрестеге, сәбиге берілетін бата
Көтерейік білекті,
Нұрға бөлеп жүректі,
Бөбекке бата берейік,
Ағынан айтып тілекті:
Сәбиіміз сүйкімді болсын,
Өнер-білімге икемді болсын,
Бәйтеректей бойшаңданып,
Өрен, өршіл, өркеңді болсын!
Жақсы жолды таңдасын,
Жамандық тәлім алмасын!
Даналардың дәстүрін
Жаңаласын-жалғасын,
Шұғылалы шуақ күн кешсін,
Басын сұр бұлт шалмасын,
Қос топшысы талмасын.
Қырандай биік самғасын!
Ары адал, жаны жаз,
Құрбысынан қалмасын!
Әл-Фараби, Қашғари,
Баласағұни, Дулати,
Қадырғали Жалайыри,
Өтейбойдақ, Иассауи,
Абай, Жамбыл, Шоқандай,
Тасқа басқан таңбасын!
Бір үйдің баласы болма,
Бүкіл елдің санасы бол!
Бір елдің баласы болма,
Бар елдің данасы бол!
Бір тонның жағасы болма,
Көп қолдың ағасы бол!
Ақты ақ деп бағала.
Қараны қара деп қарала!
Өзегің талса, елдің ішін арала.
Басыңа іс түссе, көпшілікті сағала.
Өзіңе-өзің кәміл бол,
Халқыңа әділ бол!
Жауыңа қатал бол,
Досыңа адал бол!
Аламан болып ержетсін,
Ақсақал болып төрлетсін!
Қас батырдай көрікті,
Ғұмыры болсын берікті!
Азамат болсын ардақты,
Мінезі болсын салмақты.
Өнері болсын жан-жақты,
Осы айтқанның бәрі қабыл болып,
Алла берсін зор бақты!
Бетті дайындаған Марал САНДЫБАЙ