Бүгінде сыбайлас жемқорлықпен күрес – қоғам дамуының ажырамас бағыты.
Әсіресе, бұл мәселенің білім беру жүйесіне қатысы ерекше. Өйткені жас ұрпақтың бойында адалдық пен әділдік қағидаттарын қалыптастыру – мемлекеттің ертеңіне салынған мызғымас іргетас. Осы орайда біз Алға аудандық білім бөлімінің басшысы Құдайбергенов Дабылбек Ниязбекұлымен сұхбаттасып, өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстар туралы әңгімелескен едік.
– Дабылбек Ниязбекұлы, қазіргі таңда білім саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу қандай деңгейде жүргізілуде?
– Білім саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – біздің ең негізгі басымдықтарымыздың бірі. Себебі, бұл бағыт өскелең ұрпақ тәрбиесімен тікелей байланысты. Сондықтан да барлық шаралар жоспарлы, жүйелі түрде іске асырылуда. Бүгінде барлық 49 білім беру ұйымында – мектептерде, балабақшаларда, қосымша білім беру орталықтарында ақпараттық және ұйымдастырушылық жұмыстар үздіксіз жүргізіліп келеді.
– Республика деңгейіндегі нормативтік құжаттар жергілікті жұмыстарға қалай әсер етуде?
– Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы №802 Жарлығымен бекітілген «2022–2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы» бізге үлкен бағдар беріп отыр. Сонымен қатар, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң талаптары аясында алдын алу тетіктері күшейтілді. Ақтөбе облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаментпен және облыстық білім басқармасымен бірлескен кешенді жоспар бекітілген. Осы жоспар негізінде басшылар мен жауапты мамандарға нақты тапсырмалар беріліп, түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды.
– Аудан көлемінде нақты қандай іс-шаралар жүзеге асырылды?
– Барлық білім ұйымдарының басшыларымен жария талқылаулар өткіздік. Қоғамдастық өкілдерін тарта отырып, мемлекеттік қызмет көрсетудегі ашықтық мәселелері қаралды.
Бұдан бөлек, педагогикалық ұжымдар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға арналған семинарлар өтті. Академиялық адалдық қағидаттарын үйрету жұмысы күшейтілді. Студенттер, оқушылар және педагогтар қатысқан ашық диалог алаңдары ұйымдастырылып, тәжірибе алмасу мүмкіндігі жасалды. Осындай іс-шараларға 1431 педагог пен 8633 оқушы қатысты.
– Ата-аналармен жұмыс қалай жолға қойылған?
– Ата-аналар жиналыстарында заңсыз ақша жинаудың алдын алу бағытында кең ауқымды түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Арнайы жадынама-буклеттер таратылып, әрбір ата-анаға мектептердегі қаржылық ашықтық туралы нақты ақпарат ұсынылды. Сонымен бірге, мектеп басшылары бюджет қаражатының жұмсалуы жөнінде ата-аналар алдында есеп берді.
– Сауалнама, мониторинг жұмыстары туралы айтып өтсеңіз.
– Иә, барлық білім беру ұйымдарында оқушылар мен педагогтар арасында «адал емес әрекеттерге қаншалықты жиі тап боласыз?» деген мазмұндағы анонимді сауалнама тоқсан сайын өткізіледі. Бұл – бізге нақты жағдайды көруге, тәуекелдердің алдын алуға мүмкіндік береді.
– Қорытынды сұрақ: Бүгінгі жұмыстардың басты мақсаты қандай?
– Біздің мақсат – білім беру саласындағы әрбір қызметкердің адал, әділ жұмыс істеуі және қоғам сенімін арттыру. Қоғам талабына сай ашықтықты қамтамасыз ету – біздің басты борышымыз. Егер мектеп қабырғасынан бастап балалар адалдықтың үлгісін көрсе, ертеңгі күні еліміздің сенімді, жауапты азаматтары болып қалыптасады. Сондықтан да бұл бағыттағы жұмыстарымыз алдағы уақытта да қарқынды түрде жалғаса береді.